Қоғам

"Көше партиясы" қозғалысы экстремистік ұйым деп танылды

Бас прокуратура қазақстандықтарды "Қазақстанның демократиялық таңдауы" экстремистік ұйымы, оның ішінде "Көше партиясы" деген атпен жұмыс істейтін қозғалыстың басшыларына ермеуге шақырды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 19 мамыр – Sputnik. Қазақстанда "Көше партиясы" экстремистік ұйым деп танылды. Бұл қозғалыстың артына тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" ұйымы жасырынған, деп мәлімдеді Қазақстанның бас прокуратурасы.

"Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы  2018 жылдың 13 наурызында экстремистік ұйым деп танылып, оның қызметіне Қазақстанның барлық аумағында тыйым салынды.

"2019 жылдың желтоқсанынан бастап "ҚДТ" көшбасшылары оның атауын "Көше партиясына" өзгерту жөнінде шаралар қабылдады. "ҚДТ" мұны экстремистік әрекетін жаңа атаумен жалғастыру үшін және жауапкершіліктен жалтару мақсатында жасаған", - деп хабарлады бас прокуратура.

Прокуратура "ҚДТ" атауын "Көше партиясы" қозғалысына өзгерту фактісін анықтау үшін сотқа арызданды.

Оқи отырыңыз: Әблязов 140 мың АҚШ долларын төлеуге міндеттелді 

Нұр-Сұлтан қаласының Есіл аудандық соты 19 мамырда прокуратураның арызын қанағаттандырды.

 "Сот Қазақстанның бүкіл аумағында "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысының "Көше партиясы" деген жаңа атаумен, оның ішінде БАҚ, телекоммуникация желілерін, әлеуметтік желілерді, мессенджерлер мен бейне-хостингтерді пайдалану, ақпараттық материалдарды тарату жолымен жұмыс істеуіне тыйым салды", - деп жазылған бас прокуратураның ресми сайты.    

Бас прокуратура аталған сот шешімінің негізінде:

  • "ҚДТ", оның ішінде "Көше партиясы" деген жаңа атауды иеленген ұйымның қызметіне қатысуға;
  • "ҚДТ"/"Көше партиясы" идеяларын насихаттау және қолдау, осы мақсаттарда жарияланымдарды, парақшаларды және өзге де ақпараттық материалдарды кез келген құралдармен және тәсілдермен дайындау, шығару, көбейту және таратуға;
  • "ҚДТ"/"Көше партиясы" атынан немесе оны қолдауға митингілер, демонстрациялар, жария акцияларын және басқа да бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыруға және өткізуге;
  • ақшаны немесе өзге де мүлікті ұсыну және жинау, сыйға тарту, айырбастау, қайырмалдық, демеушілік және қайырымдылық көмек, ақпараттық және өзге де қызметтер көрсету жолымен "ҚДТ"/"Көше партиясы" қызметін қаржыландыруға тыйым салынғанын мәлімдеді.

Заңмен тыйым салынған аталған әрекеттерді жасағандар Қылмыстық кодекстің 182 (экстремистік топқа қатысу, жазасы –10 жылдан 17 жылға дейін бас бостандығынан айыру), 258 (экстремизмді қаржыландыру, 5 жылдан 9 жылға дейін бас бостандығынан айыру) және 405 (экстремистік ұйымға қатысу, 6 жылға бас бостандығынан айыру) баптары бойынша жауапкершілікке тартылады.

Оларды жасаған адамдарға шартты түрде соттау, шартты түрде мерзімінен бұрын босату, жазаны өтеуін кейінге қалдыру және жеңілдету, рақымшылық және кешірім жасау қолданылмайды.

Қылмыстық кодекске сәйкес экстремистік ұйымның қызметіне қатысуды өз еркімен тоқтатқан адамдар қылмыстық жауапкершіліктен босатылады.