Экономика

Денсаулық сақтау, білім және ғылым ЕЭК құзыретіне кірмеуі керек – мемлекет басшысы

Еуразиялық экономикалық комиссияның өкілеттігін кеңейту мәселесіне мұқият қарау керек, деп мәлімдеді Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 19 мамыр – Sputnik. Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы сейсенбі күні видеоконференция түрінде өтті. Кестеге сәйкес саммит 19 мамырда Минскіде өтуі керек еді, алайда коронавирус пандемиясына байланысты көптеген ел өз шекарасын жапты. Осы отырыста Қазақстан президенті ЕЭК өкілеттігін кеңейту мәселесін сынға алды.

Оқи отырыңыз: Тоқаев ЕАЭО-да тауарларды міндетті таңбалауды енгізуді кейінге қалдыруды ұсынды 

"Комиссияға одақ елдерінің үшінші елдермен қызметтер саудасы бойынша екіжақты келіссөздеріне қатысу құқығын беру, әрине, қосымша зерттеуді қажет етеді. Іс жүзінде ол қалай болатынын елестету өте қиын: екіжақты келіссөздерге комиссия өкілі қатысады", - деді Тоқаев Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында.   

Оның пікірінше, қызметтер саудасы мен инвестициялар – ұлттық құзірет, өйткені ол басқа елдердің мүдделеріне әсер етпейді.

"Комиссияның адам және қаржы ресурстарын осы жұмысқа тарту қажеттілігі, шынын айтқанда, біз үшін түсініксіз", - деді ол.

Сонымен қатар, Тоқаев тараптар Еуразиялық экономикалық комиссияны үшінші елдермен жасалған келісімдер туралы хабардар ете алатынын атап өтті.

Кейбір жағдайларда комиссия өкілдерінен келіссөздерге дайындық кезінде консультативтік көмек сұрауға болады, деді ол.

Қазақстан президенті денсаулық сақтау, білім және ғылым Еуразиялық экономикалық комиссияның құзыретіне кірмеуі керек деп есептейді. Оның пікірінше, ЕЭК өзінің экономикалық бағытын сақтауы керек.