НҰР-СҰЛТАН, 19 мамыр – Sputnik. Еуразиялық экономикалық одақ интеграциясының қазіргі деңгейі бірыңғай газ тарифтерін енгізуге жеткіліксіз, деп мәлімдеді Ресей президенті Владимир Путин.
"Армян және Беларусь достарымыздың газ тасымалдау және транзит қызметтеріне бірыңғай тариф енгізу ұсынысына келетін болсақ, біз бірыңғай тарифті бір бюджетпен, бір салық салу жүйесімен тек бір нарықта жүзеге асыруға болады деп санаймыз. Мұншалық терең интеграция деңгейіне әлі қол жеткізілген жоқ", - деді Путин сейсенбіде Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында.
Оқи отырыңыз: Тоқаев ЕАЭО-ны құру кезінде Қазақстанның қандай талапқа көнгенін айтты
Газдың бағасы әзірге нарықтық жағдайға сәйкес қалыптасуы тиіс, ал жеткізушілердің шығындары мен инвестициялары ескерілуі керек, деп атап өтті ол.
Путин Армения мен Беларусь ЕАЭО елдерінің газ тарифтеріне қатысты ұсынған формуласын қабылдамай отырғанын айтты.
"Үш ел: Ресей, Қазақстан және Қырғызстан қолдап отырған формула бар. Оның мәні газ бағасын белгілеуге қатысты тәсілдерді кейінірек ЕАЭО ортақ газ нарығын қалыптастыру жөніндегі келіссөздер кезінде анықтауға болушы еді", - деп түсіндірді Ресей басшысы.
Формула Еуразиялық экономикалық одақтың 2025 жылға дейінгі даму стратегиясында ұсынылған. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев кейбір мәселелерді талқылау қажет екендігін атап өтіп, құжатты бетпе-бет кездесуде қабылдауды ұсынды.
Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы сейсенбі күні видеоконференция форматында өтті. Кестеге сәйкес саммит 19 мамырда Минскіде өтуі керек еді, алайда коронавирус пандемиясына байланысты көптеген ел өз шекарасын жауып қойды.