Өңірлер

Алматыда білім саласына қатысты бірқатар шешім қабылданды

Қалада мектеп жанындағы жазғы лагерь жұмыс істемейді, 1-сыныпқа баратын жеткіншектердің құжатын қабылдау 1 маусымнан басталады
Sputnik

АЛМАТЫ, 19 мамыр – Sputnik. Алматыда оқу жылын қорытындылауға дайындық, мектеп түлектерін аттестаттаудан өткізу кезіндегі санитарлық-эпидемиологиялық талаптар және ҰБТ өткізу мәселесі талқыланды.

Сонымен қатар жаңа оқу жылына 1-сыныпқа балаларды қабылдау дайындығы қаралды, деп хабарлады қала әкімдігінің баспасөз қызметі.

Аттестат табыстау шарасы қалай өтеді

2020 жылы Алматыда 9 299 түлек аттестат алады, оның 8 667-сі мемлекеттік мектептердің түлегі, 632 оқушы жекеменшік мектепті бітіреді.

Қалалық білім басқармасының ақпаратына сәйкес, биыл 9-11 сынып оқушылары үшін қорытынды аттестаттау өткізілмейді. Білім беру ұйымдарында оқу жылы 25 мамырда аяқталады.

"Негізгі орта және жалпы орта білім беретін мектепті бітіргені жөніндегі аттестаттау кезінде бұған дейінгі бағалар есепке алынады. Орта білім беру ұйымдарының басшыларына электронды журналдағы бағаны түзеуге үзілді-кесілді тыйым салынады", - делінген ақпаратта.

Сонымен қатар 1-10 сынып оқушылары үшін салтанатты жиындар қашықтан өткізіледі.

Ал 11-сыныпты бітірген түлектерге аттестат табыстау шарасы 3-4 маусымда барлық санитарлық-эпидемиологиялық талапты қатаң сақтау арқылы өтеді.

Санитарлық-эпидемиологиялық талаптар 

Салтанатты жиынды өткізу барысында елдегі, қаладағы эпидемиологиялық жағдай ескеріледі. Соған сәйкес санитарлық-эпидемиологиялық талаптар бекітілді:

  • Жиын тек бітіруші сынып үшін өткізіледі және оқушылардың арасындағы әлеуметтік қашықтық кемінде 2 метрден кем болмауы тиіс;
  • Аттестат тек сыныптар бойынша табысталады, бұл шараға оқушыларды, олардың ата-аналары мен педагогикалық ұжым өкілдерін қосқанда шамамен 60 адамға ғана қатысуға рұқсат етіледі;
  • Бір сыныптың түлектері мен екінші сыныптың түлектеріне аттестат табыстау шараларының аралығы кемінде 1 сағат болуы керек;
  • Түлектердің отбасынан жиынға 1-2 ата-ана ғана келуіне кеңес берілді, ал түлектердің егде жастағы ата-әжелеріне линейкаға келуден бас тартқаны абзал.

ҰБТ маусымда басталады 

ҰБТ дәстүрлі форматта өтеді, барлық санитарлық-эпидемиологиялық талап сақталады. 2020 жылы Алматыда 9 047 түлек ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысады.

"ҰБТ Алматыда 20 маусым мен 5 шілде аралығында 8 өткізу пунктінде барлық қауіпсіздік шарасы сақтала отырып өткізіледі. ҰБТ-ға маусым айында 190 мемлекеттік және 49 жекеменшік мектеп қатысады", - делінген ақпаратта.

Жазғы лагерлер ашылмайды

Сонымен қатар жиын барысында коронавирус індетін жұқтыру қаупі бар екені ескеріле отырып, Алматы қаласының мектеп оқушылары үшін қала сыртынан да, мектеп жанынан да лагерь ашпау жөнінде шешім қабылданды.  

1-сыныпқа қабылдау қашан басталады

Алматыда 1 маусымнан бастап 1-сыныпқа баратын жеткіншектердің құжатын қабылдау басталады.  

Ал 15 мамырдан бастап дарынды балаларға арналған мамандандырылған гимназияларға, лицейлерге құжат қабылданады.