НҰР-СҰЛТАН, 18 мамыр – Sputnik. Танымал қазақстандық тележүргізуші, "Жетісу" телеарнасының директоры Бейсен Құранбек 49 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Бұл ақпаратты Алматы облысының әкімдігі растады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Иә, қайтыс болып кетті", - деді облыстың баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкел.
Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева журналистің жақындарына көңіл айтты.
"Елімізге белгілі журналист, халқымыздың аяулы ұлы Бейсен Құранбектің қазасы баршамызға ауыр тиді. "Айтуға оңай", "Қарекет" бағдарламалары арқылы қазақ журналистикасында өзіндік қолтаңбасын қалдырған тележүргізуші, елдің мұңын өз мұңындай көріп, көпке қамқор болған жомарт жүректі азамат бақиға аттанды. Марқұмның отбасына, жақындарына қайғыға ортақтасып, көңіл айтамыз", - деп жазды ол.
Айта кетейік, бұған дейін Бейсен Құранбек өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында емделіп жүргені жайында жазған болатын. Ал соңғы жазбасында үш нәрсені терең түсінгенін жеткізді.
"Жыл басынан бергі ішкі арпалысқа толы күндерімде, ұйқысыз түндерімде үш нәрсені тереңірек түсіндім... Бірінші, ұстазым жиі айтатын "бұл өмірде ақшадан да, биліктен де құдіретті дүние бар. Ол- ниеттің, тілектің, батаның күші" деген сөздің рас екенін. Екінші, халқымыздың "басты байлық - денсаулық" деп бір ауыз сөзбен айта салған даналығына бас идім. Ұйқы тыныш, тәбетің жақсы боп, ертеңгісін еш жерің ауырмай оянудың өзі жарты бақыт екенін ұқтым", - деп жазды ол.
Үшіншіден, бабаларымыз қалдырған "Байлық - қолға ұстаған мұз, бақыт - басқа қонған құс, бала - артта қалар із, бұл өмірдің қызығы - Сіз бен Біз" деген сөзінің тұтас өмірлік философия екенін, өмірдің мәні де, сәні де сыйластықта екенін сезінгенін айтты.
"Бір-біріміздің тілеуімізді тілеп, денсаулықтың қадірін біліп, бір-бірімізді шын көңілмен құрметтей білейікші дегім келеді. Бар болыңыздар!", - деп жазды Құранбек.
Бейсен Құранбек 1971 жылы 9-ші желтоқсанда Алматы облысы Кербұлақ ауданы Қызылжар ауылында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде білім алған.
Еңбек жолын республикалық "Спорт" газетінде тілші, жауапты хатшы қызметінен бастаған. Одан кейін телевизия саласына ауысып, "Рахат", "31 арна", "Хабар" арналарында, президент телерадиокешенінде қызмет етті. 2007-2012 жылдары Алматы облыстық "Жетісу" телеарнасының бас директоры болды. Ал 2013-2017 жылдары "Қазақстан" телеарнасында халық арасында кеңінен танылған "Айтуға оңай" ток-шоуын жүргізді.
2017 жылдың қыркүйек айынан бері ұлттық арнадағы "Қарекет" бағдарламасын жүргізді. Кейңн Алматы облыстық "Жетісу" телеарнасының бас директоры болып қайта тағайындалды.