НҰР-СҰЛТАН, 17 мамыр – Sputnik. Қарағанды облысындағы Ботақара елді мекенінде 18 мамырдан бастап карантин күшейтіледі. Тұрғындар уақытша көлікпен жүре алмайды. Автобустар да тоқтатылады.
Бұл туралы облыстың бас мемлекеттік санитар дәрігері Қанат Асқаров хабарлады.
"20 наурыз - 17 мамыр аралығында 245 адам коронавирус инфекциясын жұқтырды, 146-сы жазылып шықты. Республикалық көрсеткіш бойынша өсім - 33,1. Күн сайын облыс бойынша өсім – 5,4%, Бұқар жырау ауданында – 66%", - деді ол жергілікті Saryarqa телеарнасындағы тікелей эфир барысында.
Ботақара ауылында 10 адам COVID-19 жұқтырды, 205 адам науқастармен байланыста болған.
"Қазақмыс – Нұрқазған" корпорациясы" АҚ -ның бірнеше қызметкері вирус жұқтырған. 17 мамырдағы мәліметке сәйкес, кәсіпорында 15 адамда вирус расталды. Алғашқы жағдай 6 мамырда тіркелген", - деді Асқаров.
Облыстың бас мемлекеттік санитар дәрігерінің айтуынша, Теміртауда өсім 2%. Қалада әзірге балық аулауға баруға рұқсат жоқ. Азық-түлік тауарларын сататын дүкендерден басқалары жабық. Спорт нысандары да әлі ашылған жоқ.