НҰР-СҰЛТАН, 17 мамыр – Sputnik. Өзбекстанда бөгеттің бұзылуы салдарынан көз жұмғандардың саны алты адамға жетті. Қайтыс болғандардың арасында екі әйел және төрт ер адам бар, деп хабарлайды Sputnik Өзбекстан.
Төтенше жағдайлар жөніндегі министрліктің ұйымдастыру-талдау басқармасының бастығы Камилжон Ариповтың айтуынша, тағы бір адам із-түзсіз жоғалғандар санатында.
Өзбекстандағы бөгеттің бұзылуы
1 мамырда Өзбекстанның Сырдария облысындағы Сардоба су қоймасының бөгеті жарылды. Тасқын су салдарынан бірнеше елді мекен мен жолдар қирап, егіс алқаптары зардап шекті.
Апаттан Қазақстанның оңтүстігіндегі бірнеше ауыл зардап шекті. 1 030 үйді, мектептерді, балабақшалар мен медициналық нысандарды су басқан. Елді мекендерден 31 мыңнан астам адам эвакуацияланды. Түркістан облысында техногендік сипаттағы төтенше жағдай режимі жарияланды.
Бөгеттің бұзылуына кім жауапты
Өзбекстанның бас прокуратурасы "қызметтік немқұрайлылық" және "тау-кен, құрылыс немесе жарылыс жұмыстарының қауіпсіздік ережелерін бұзу" баптары бойынша қылмыстық іс қозғады.
Оқи отырыңыз: Өзбекстанда бөгет бұзылды: эколог апаттың салдары туралы айтты
Аталған баптар бойынша айыптыларға бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады.
Айта кетейік, Қазақстан Сардоба су қоймасының техникалық аудитіне қатысуға ниетті.