Қоғам

Коммуналдық қызмет үшін төленетін 30 мың теңгені қалай алу керек

Аталған көмекті қолжетімді ету мақсатында бүгінде әкімдіктер өтінімді қабылдау үшін call-орталықтар мен ақпараттық жүйелерді іске қосты
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 17 мамыр – Sputnik.  Қазақстанда карантин кезінде коммуналдық қызметтерді мемлекет есебінен өтеу тәртібі бекітілген болатын. Оған сәйкес, тізімге кіретін әрбір адамға сәуір мен мамыр айында 15 мың теңгеден аударылады. Осылайша, екі айға 30 мың теңге төленеді. 

Коммуналдық төлем кімге беріледі?

18 сәуірде коммуналдық қызметтерді өтеу тәртібі бекітілді. Сол кезде әкімдіктерге өтінім қабылдау үшін call-орталықтар мен ақпараттық ресурстарды ашу міндеті жүктелді. Осы төлемді алатын адамдардың санаты да анықталған. Олар:  

  • 1, 2 және 3 топтағы мүгедектер;
  • Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушылары және Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушыларына теңестірілген адамдар;
  • мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар;
  • көпбалалы отбасылар;
  • ең төмен және аз зейнетақы алатын зейнеткерлер;
  • мемлекеттiк немесе қоғамдық мiндеттерiн, әскери қызметiн орындау кезiнде, ғарыш кеңістігіне ұшуды дайындау немесе жүзеге асыру кезінде, адам өмiрiн құтқару кезiнде, құқық тәртiбiн қорғау кезiнде қаза тапқан (қайтыс болған) адамдардың отбасылары;
  • атаулы әлеуметтік көмек алатын азаматтар, оның ішінде жалғыз басты зейнеткерлер.

Мамырдың басында индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі карантин кезінде коммуналдық шығындарды өтеу ережесіне өзгеріс енгізді. Оған сәйкес, бұған дейін бекітілген санатқа кіретін адамдар ғана емес, олармен бірге тұратын отбасы мүшелеріне де коммуналдық төлемдер берілетін болды. Ал пәтерді жалдап тұрғандарға ондай жеңілдік жасалмайды.

15 мың теңгені қалай алу керек?

Бүгінде әкімдіктер өтінімді қабылдау үшін call-орталықтар мен ақпараттық жүйелерді іске қосты. Мысалы, Нұр-Сұлтан қаласында арнайы сайт – Komtolem.kz ашылды. Ол жерде алдымен жеке сәйкестендіру нөмірін енгізу қажет. Ақпараттық жүйе өтініш берушінің тізімде бар-жоғын тексереді. Егер адамның жеке сәйкестендіру нөмірі базада болмаса, +7 (7172) 28 09 59 нөміріне хабарласу керек. Бұдан бөлек, өтінішті @KOMTOLEM_BOT  Telegram-боты арқылы да жіберуге болады.

Алматыда 341-05-27 телефонына хабарласып, жеке сәйкестендіру нөмірін айту қажет. Мамандар адамның тиісті санатқа кіретінін, я кірмейтінін анықтайды да, өтінішті қабылдайды. Байланыс орталығы таңғы сағат 9:00-ден кешкі 18:00-ге дейін жұмыс істейді. Егер өтініш берген адамның мәртебесі расталмаса, әлеуметтік әл-ауқат басқармасына хабарласып, мәселенің мән-жайын білеуге болады. 

Осы орайда барлық ақпараттық ресурстарда шындыққа жанаспайтын ақпарат үшін жауапкершіліктің қарастырылғаны туралы ескертіледі. Қылмыстық кодекстің 190-бабы – "алаяқтық" және 195-бабы – "алдау немесе сенiмді теріс пайдалану жолымен мүлiктiк залал келтiру" бойынша айыппұлдан бастап екі жылға дейін бас бостандығын айыру жазасы қарастырылады.

Коммуналдық шығындар қалай есептеледі?

15 мың теңгеге барлық коммуналдық қызмет – газ, су, электр энергиясы, жылу, қоқыс шығару, лифт және су бұруды төлеуге болады. Бір айдың шығындары 15 мыңнан кем болса, қалған ақша келесі айға қалады.

"Ал бір айдың шығындары 15 мыңнан артық шықса, онда ақша коммуналдық қызметтер арасында тең бөлінеді. Мәселен, түбіртекте 23 мың теңге көрсетілген дейік. Жылу үшін 5 570 теңге тұрса, мемлекет тарапынан 3 632 теңге өтеледі. Сол сияқты ыстық су үшін 1 617 теңге шықса, 1 054 теңге өтеледі де, қалғанын тұтынушы өзі төлеуі тиіс", – дейді мамандар.

Оқи отырыңыз: Алматыда 60 мыңға жуық адам екі ай бойы коммуналдық төлем алады

Айта кетейік, мамырда сәуір айының шығындары өтелсе, маусымда мамыр айы үшін тағы 15 мың теңге аударылады. Ақша әрбір өтінім берушінің дербес есепшотына түседі. Одан тек коммуналдық қызметтер ғана төленеді.

Бюджеттен қанша ақша бөлінді?

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметіне сәйкес, карантин кезінде коммуналдық шығындарды өтеуге жататын адамдардың санатына республика бойынша 1,6 миллион отбасы кіреді. Осы мақсатта республикалық бюджеттен 49,3 миллиард теңге бөлінді.