НҰР-СҰЛТАН, 15 мамыр – Sputnik. Елорда әкімдігі қала аумағында санитарлық блокбекеттер жұмысының жаңа алгоритмін жариялады.
Қалаға кіріп-шығатын азаматтардың өзімен бірге тиісті құжаты болуы тиіс.
Алгоритмге сәйкес, қала аумағына шығуға және кіруге тыйым салуды қамтамасыз ете отырып, блокбекеттерде санитарлық-карантиндік бақылау жалғасады.
Нұр-Сұлтанға кіріп-шығуға кімдерге рұқсат етілген:
- халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету ұйымдарының қызметкерлері;
- төтенше жағдай режимі алынғаннан кейін өз жұмысын қайта бастаған ұйымдардың қызметкерлері;
- карантин аймағында, одан тыс жерлердегі саяжай учаскелеріне (қала сыртындағы үйлерге) бара жатқан адамдар;
- медициналық анықтамасы бар адамдар;
- көктемгі егіс жұмыстарына жіберілгендер;
- Ақмола облысының Целиноград, Аршалы, Шортанды және Қорғалжын аудандарының тұрғындары;
- басқа өңірлерде тіркелген, карантин аймағынан шығатын адамдар, олар санитарлық блокбекетте қажетті құжаттарды толтыруы тиіс;
- патрульдік полициясыз, жерлеу рәсімі үшін карантин аймағын кесіп өтетін азаматтар;
- шет мемлекеттердің азаматтары;
- карантин аймағына немесе карантин аймағынан кәмелетке толмаған балаларына бара жатқан ата-аналар;
- карантин аймағына немесе карантин аймағынан сырқат туыстарына күтім жасау үшін бара жатқан адамдар;
- әуе рейсімен баратындар (Нұр-Сұлтаннан ұшатындар – Sputnik);
- қалпына келтіру жұмыстары және су тасқынына қарсы шараларға көмек көрсету үшін Түркістан облысына жіберілгендер;
- азық-түлік және азық-түлік емес тауарлардың жүк көліктері;
- транзит.
Сонымен қатар, бекітілген құжатта карантин аймағын кесіп өту бойынша барлық түпкілікті шешімді блокбекеттерде жауапты қызметкерлер қабылдайтыны айтылған.
Нұр-Сұлтан қаласының карантин аймағын кесіп өтетін әрбір адам "БЛОКПОСТ" ақпараттық деректер базасында міндетті түрде есепке алынуы тиіс.