Қоғам

Нұр-Сұлтанда коронавирустан қайтыс болған дәрігер өз бетінше емделген

Елордада коронавирус инфекциясынан қайтыс болған екі науқас жайлы мәлімет шықты: 1958 жылы туған дәрігер он күн үйінде емделген, ал 1977 жылы туған ер адам соңғы екі жылда басқа аурулармен ауырған
Sputnik

АЛМАТЫ, 15 мамыр – Sputnik. Нұр-Сұлтанда коронавирустан қайтыс болған дәрігер өз бетінше емделген. Бұл жайында қаланың қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"1958 жылы туған Қазақстан азаматы қайтыс болды. Ол шамамен он күн бойы үйінде болып, өз бетінше емделген. Жағдайы 31 наурызда нашарлады. Науқас хаттамаға сәйкес емделді. Реанимациялық іс-шараларға қарамастан қайтыс болды", - деп мәлімдеді Қисықова брифингте.

Қазақстанда коронавирустан тағы екі адам қайтыс болды

Бұған дейін оның зейнеттегі дәрігер екені, жекеменшік медицина ұйымында жұмыс істегені хабарланды.

Сонымен қатар 13 мамырда астанада 1977 жылы туған ер адамның коронавирустан қайтыс болғаны айтылды.

"Қазақстан азаматы. Отбасында коронавирус жұқтырған туысы болған, науқас сонымен жақын байланыс жасаған. Төрт күн үй карантинінде болды. Жедел жәрдеммен 17 сәуірде инфекциялық ауруханаға жеткізілді. Жағдайы нашарлап, 22 сәуірде жансақтау бөліміне көшірілді. Науқас соңғы екі жылда басқа аурулармен ауырған", - деді Қисықова.

Елордада 15 мамырда 1 173 адамның коронавирус инфекциясын жұқтырғаны анықталды, оның ішінде 518 адам сауығып, бес адам қайтыс болды.

"Коронавирус инфекциясы табылған емделушілердің төртеуінің жағдайы ауыр, бір науқас жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Қалған науқастың жағдайы қанағаттанарлық",- деді қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы.

Оның айтуынша, мамырдың бірінші аптасымен салыстырғанда инфекция жұқтыру дерегін тіркеу 20%-ке төмендеді.