Қоғам

Пойыз жолаушыларына жолға тамақ алуға рұқсат етіледі – Байғабылов

Жолаушылар маска тағуға, ал жолсеріктер оған қоса қолғап киюге міндеттеледі. Бір вагоннан екінші вагонға өтуге болмайды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 14 мамыр – Sputnik. Пойызда жолаушыларды отырғызуға қатысты қосымша талаптар енгізілмейді. Адамдарға өзімен бірге тамақ алуға рұқсат етіледі. Бұл туралы көліктегі бас мемлекеттік санитар дәрігер Сәдуақас Байғабылов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Ол жолаушылар билетте көрсетілген орындары бойынша отырғызылатынын атап өтті. Басқа қосымша талаптар көзделмеген.  

"Купе, плацкарт вагондарында, Тальго пойызында да тек билет бойынша отырады. Жолсеріктер жолаушылардың маска тағуын, жүріп-тұруын, топтаспауын қадағалайды", - деді Байғабылов орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.

Көліктегі бас санитар адамдарға жолға өзімен бірге тамақ алуға рұқсат етілетінін айтты.  

Пойыз жолаушылары маска тағуға, ал жолсеріктер оған қоса қолғап киюге міндеттеледі. Бір вагоннан екінші вагонға өтуге болмайды.

Пойыз жүргеннен кейін жолсеріктер жолаушыларға анкета таратып, сауалнама жүргізеді.

Вокзал ғимаратына кірер алдында барлық адамның дене қызуы тексеріледі.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда пойыздар 1 және 10 маусымда іске қосылады

Бұған дейін жолаушылар пойыздары 1 маусымнан бастап жүретіні хабарланған еді. 15 мамырда Қазақстанның ішкі бағыттарына билет сатыла бастайды.

Республикаішілік пойыздар қозғалысын екі кезеңде: 2020 жылдың 1 және 10 маусымынан іске қосу жоспарланып отыр.