НҰР-СҰЛТАН, 14 мамыр – Sputnik. Атырау облысының "Теңіз" кенішіндегі эпидемилолгиялық жағдайға байланысты премьер-министр орынбасары Ералы Тоғжанов бастаған үкімет делегациясы өңірге арнайы сапармен барып жиын өткізді, деп хабарлайды primeminister.kz сайты.
Теңізде коронавирус жұқтырғандар саны көбейіп жатыр
Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің айтуынша, аймақтағы эпидемиологиялық жағдай әлі де тұрақты емес. Қазіргі кезде өңірде COVID-19 инфекциясын жұқтырған 458 адам тіркелген. Олардың 127-сі емделіп шықты.
"Ал "Теңіз" кенішінің 384 жұмысшысынан аталған вирус анықталған. Бұл азаматтар 20 жатақханада тұратын 33 мекеменің қызметкерлері", – деді Досмұхамбетов.
Қолға алынған шаралар қауқарсыз болып тұр
Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың түсіндіруінше, "Теңіз" кенішінде карантиндік талаптар жеткілікті деңгейде сақталмай отыр.
Сондықтан, ол "Теңізшевройл" компаниясының мердігер және субмердігер компаниялары басшыларының жауапкершілігін арттыруға шақырды.
Қазіргі кезде "Теңіз" кенішінен 17 мың адам өздерінің тұрғылықты мекенжайларына жеткізілген.
Премьер-министр орынбасары Ералы Тоғжанов эпидемиологиялық ахуалды бақылауда ұстау қажеттігін айтты. Сонымен қатар, "Жұмыспен қамтудың жол картасы–2020" бағдарламасын тиімді жүзеге асыру және жұмыспен қамтамасыз етуге қатысты бірқатар нақты тапсырмалар берді.
Оқи отырыңыз: Теңіз кен орнының жұмысшылары неге бас көтерді - видео
Атырау облысына республикалық бюджеттен 35 миллиард 308 миллион теңге бөлініп отыр. Бұл бағдарлама шеңберінде 63 жоба жүзеге асырылып, 7 мың жұмыс орны ашылады.
Еске сала кетейік, әлемдегі алып мұнай кен орындары қатарына жататын "Теңіз" кеніші 1979 жылы ашылған.