Қоғам

Қазақстанда "тыныштық уақыты" өзгеруі мүмкін –  мәжіліс заң жобасын мақұлдады

Қазіргі қолданыстағы заң бойынша қазақстандықтарға сағат 23.00-ден 06.00-ге дейін тыныштықты бұзғаны үшін айыппұл салынады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 13 мамыр – Sputnik. Қазақстанда барлық азамат үшін тыныштық режимін сақтау уақыты бірдей болып белгіленді. Яғни, жұмыс күндері кешкі оннан таңғы тоғызға дейін жұрттың мазасын алып, тыныштықты бұзуға тыйым салынады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Дауға айналған мәселе: Бекболат Тілеуханның түзетулері қабылданбады 

Мәжіліс депутаттары кейбір заңнамалық актілерге денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы заң жобасына осындай түзету енгізді.

"Конституцияның 14-бабы, заң мен сот алдында жұрттың бәрінің теңдігі туралы талаптарын сақтау мақсатында "тыныштық режимін" сақтау бойынша уақыт барлығы үшін бірдей болып белгіленді – жұмыс күндері сағат 22-ден таңғы 9-ға дейін, демалыс және мереке күндері сағат 23-ден таңғы 10-ға дейін", - деді депутат Зәуреш Аманжолова.

Қолданыстағы заң бойынша қазақстандықтарға 23.00-ден 06.00-ге тыныштықты бұзуға тыйым салынады.

Мәжіліс заң жобасын екінші оқылымда мақұлдап, сенаттың қарауына жіберді.

Тыныштықты бұзғаны үшін қанша айыппұл салынады:

  • жеке тұлғалар үшін  – 5 АЕК немесе 13 890 теңге;
  • шағын кәсіпкерлік субъектілері мен коммерциялық емес ұйымдар үшін  – 20 АЕК немесе 55 560 теңге;
  • орта кәсіпкерлік субъектілер үшін  – 30 АЕК немесе 83 340 теңге;
  • ірі кәсіпкерлік субъектілер үшін  – 100 АЕК немесе 277 800 теңге.