АЛМАТЫ, 13 мамыр – Sputnik, Айгерім Таубай. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қарақат Әбілдина карантин кезінде шығармашылықпен айналыспаған, тек отбасы мен бала тәрбиесіне көңіл бөлген. Өнер иесі карантин біткен соң да күйбең тіршілікке бірден орала салмаймыз деген ойда. Сонымен қатар кейінгі кезде өнер адамдарының төңірегіндегі дау мен бала тәрбиесі, онлайн концерт жайлы ойын Sputnik Қазақстан тілшісіне сұхбат барысында айтып берді.
Карантинде отбасына көңіл бөлді
"Карантин кезінде шығармашылықпен айналыстым деп айта алмаймын, ешқандай жаңа әнге тапсырыс берген жоқпын. Әр нәрсе көңіл-күйге байланысты. Карантиндегі уақытым балаларыма, отбасыма арналды. Бірнеше ай 24 сағат бала-шағамен отыру – көп дүние жайлы ойлануға берілген мүмкіндік. Бұрын-соңды байқамаған олқылықтарды көріп, орнын толтырдық", - деп бастады әнші әңгімесін.
Айтуынша, күйбең тіршілік соңында жүргенде балаларын көмекшісіне тапсырған. Кейде тіпті мектептегі ата-аналар жиналысына бармаған. Ал қазір балаларының сабағына көңіл бөліп, нағыз бақыттың не екенін түсінгендейміз дейді.
"Әдетте көмекшіге аманаттап тапсырып, баламыздың мектепке барып-келгенінен хабар алып жүрдік. Қарап тұрсақ, өзіміз жұмысбасты болып, көп уақыт сыртта жүрген екенбіз. Қазір жанында отырған соң қадағалап, тәрбиелеп, сабақ үлгерімі, тазалығы, баланың бойында қандай теріс әрекеттер бар екенін – көптеген дүниені көруге мүмкіндік алдық. Үйдегі этика, эстетика, әдеп пен әдет, тәртіп пен тазалық жағынан қай жерде нені жіберіп алғанымызды байқап, сонымен жұмыс істедік", - деді Қарақат Әбілдина.
Тіпті кей күні отбасымен толық бір дастарханда отырмаған күндері болғанын есіне алды.
"Жанталасып жүргеніміз соншалық, бұған дейін бір күнде бір рет басымыз қосылмай жүрген күндер де болды. Бірге отырып ас ішудің өзі берері мол бақыт екен. Ал қазір сол жанталасып жүрген күйбең тірліктің отбасының жанында түкке тұрмайтынын түсініп жатырмыз", - дейді ол.
Сахнаны аңсап отырған жоқ
Карантин біткен соң әнші жұмыс кестесінде аздаған өзгеріс болатынын айтты. Оны қоғамның, адамдардың бірден қалыпты өмірге үйренісіп кетпеуімен байланыстырды.
"Қарқынды өмірге бірден түсіп кетпейтін сияқтымыз. Осы тыныштыққа, отбасылық жайбарақат өмірге үйренгенім соншалықты, тіпті онлайн концерт берген кезде абдырап қалдым. Адам бәрінен тез шығып кетеді екен. Әртіс көйлек киіп, айнаға қарап тез жиналудың өзі басқаша. Бұрын оны көзді жұмып жүріп істейтін едік", - деді Әбілдина.