Кабулда лаңкестікке қарсы ауқымды операция жүріп жатыр

Ауғанстандағы жағдай ушыға түсті. Үкімет әскері мен "Талибан"* арасындағы қарулы қақтығыстар жиіледі, ал құрбан болғандардың саны артып келеді. Соған қарағанда, жағдай шиеленісе түседі. Аймақтағы көршілер дайын болуы керек
Sputnik

Ауғанстанның президенті Ашраф Гани "Талибан"*-ның шабуылдары толастамаған соң осы ұйымға шабуыл жасауға бұйрық берді. Кабулдың өзінде ірі террористік актілер жасалды. Осы аптаның басында Таиа Маскан ауданында бірнеше жарылыс болды.

Ал сейсенбі күні Кабулдағы ауруханаға шабуыл жасалғанда бес адам қаза тапты. Жанкешті лаңкес медициналық мекеменің кіреберісінде өзін жарып жіберді. Осыдан кейін террористер кіріп келді. Сол кезде 13 адамды өлтіріп тастады. Олардың ішінде екі сәби де бар, тағы 15 адам жарақат алды.

Республиканың шығыс және солтүстік провинцияларында қарулы қақтығыстар тыйылар емес. 11 мамырда Лагман провинциясында болған атыстар кезінде 20 сарбаз көз жұмды, алтауы жарақат алды. Газни провинциясындағы әскери операция кезінде "Талибан"* ұйымына мүше 100 лаңкес оққа ұшты. Билік тағы Ислам мемлекетінің* бес мүшесін жойғанын мәлімдеді.

Лаңкестікке қарсы ауқымды операция аяқталған жоқ

Ал солтүстікте Фарах пен Балх провинцияларында лаңкестікке қарсы ауқымды операция аяқталған жоқ. "Талибан"* да қайтатын емес, полиция мен әскердің бөлімшелеріне шабуыл жасап келеді. 12 мамырда Нангархар провинциясында аудандық полиция басшысын жерлеу рәсімінде қатты жарылыс болды. 24 адам қайтыс болды, 68-і жарақат алды.

Дохада бейбіт келісім рәсімдеу кезінде түрмеде отырған талибтерді босату мәселесі де ескерілді. Негізі, бұл – екі жақты диалогтың басты талабы. Келісімде бандиттерді тұтқындалған әскерилерге айырбастау қарастырылған. Дәл осы бап та қазіргі жағдайды ушықтырып отыр. 

Тұтқындарды өзара айырбастау шарасы

Бүгінде "Талибан"* қатарына мыңнан астам содыр қайта қосылды. Ал өздері бар болғаны 105 әскериді ғана босатты. Осы аптада Ауғанстан билігі ондай әділетсіз айырбас процесін тоқтатты. Қауіпсіздік кеңесінің өкілі Джавид Фейсал тағы  200 жауынгерді босатпаса, тұтқындарды өзара айырбастау шараларының жанданбайтынын мәлімдеді. Дегенмен, лаңкестердің басымдығы айқын көрініп тұр.

БҰҰ-ның Ауғанстанға көмектесу жөніндегі миссиясының соңғы мәліметіне сәйкес, 2020 жылдың бірінші тоқсанында болған әскери іс-қимылдар кезінде 533 бейбіт адам қайтыс болды. Олардың ішінде 150-ден астам бала бар. 

Ал АҚШ президенті жанындағы ұлттық қауіпсіздік кеңесінің ақпараты бойынша Дохадағы бейбіт келісімнен кейін талибтер орта есеппен бір күнде 55 шабуыл  жасаған. Ауғанның ұлттық әскері болса, "Талибан"*-ға қарсы 1200 әскери операция өткізді.

Ауғанстандағы 407 ауданның 133-і алып отырған "Талибан"* әскери жолмен жеңе алмайды. Дегенмен, шексіз әрі мәнсіз соғыс жалғасуда.      

"Талибан"* және Ислам мемлекеті (ИГИЛ) – Қазақстанда және тағы бірқатар мемлекетте лаңкестік деп танылған ұйым.