Экономика

Азық-түлік бір айда 1,9 процентке қымбаттады – Ұлттық банк төрағасы  

Досаев төтенше жағдай мен карантин азық-түлікке деген сұранысты күшейткенін атап өтті. Ал импорттың көлемі азайған
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 12 мамыр – Sputnik. Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев инфляция деңгейіне болжам жасады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Бас банкирдің айтуынша, сәуір айында әлемдік қаржы және тауар нарықтарында жағдай түзеле бастады. Оған мемлекеттердің біртіндеп карантиннен шығуы әсер етті. Осының нәтижесінде акциялар нарығы 11 процентке өсті. Мұнай бағасы да күрт түсіп кеткеннен кейін біртіндеп қалпына келе бастаған.  

"Ұлттық банктің бағалауы бойынша, әлемдік шикізат нарықтарындағы ахуалдың оң дамуы мен сыртқы жағдайлардың жақсаруы кезінде, сондай-ақ осы жылы мұнайдың бір баррелінің бағасы 35-40 АҚШ долларына дейін өскен жағдайда инфляция дәлізі биыл 6-8% болуы мүмкін", - деді Досаев үкімет отырысында.   

Оның айтуынша, қазіргі таңда инфляция дәлізі 9-11 процент болады деп болжанып отыр.

Досаев төтенше жағдай мен карантин азық-түлікке деген сұранысты күшейткенін атап өтті. Ал импорттың көлемі азайған. Соның салдарынан азық-түліктің бағасы бір айда 1,9 процентке өскен. Жылдық көрсеткіш 10,4 процент болуы мүмкін. Бұл 2017 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш болып отыр.

Оқи отырыңыз: Дәленов карантиннің ел экономикасына қалай әсер еткенін айтып берді 

"Ал сәуір айында ішкі валюта нарығындағы ахуал тұрақтанды. ОПЕК+ ұйымының мұнай өндіруді қысқартуы мен акциялар нарығындағы позитивті жағдай теңге үшін оң үрдіс болды. Нәтижесінде сәуір айында ұлттық валюта бір АҚШ доллары үшін 424,57 теңгеге дейін, 5,2 процентке нығайды", - деп түйіндеді Досаев.