НҰР-СҰЛТАН, 11 мамыр – Sputnik. Қазақстанда коронавирустан 32-ші адам қайтыс болды.
"1955 жылғы азаматша Шымкент қаласы, Қаратау ауданының тұрғыны коронавирус індетінен көз жұмды. 65 жастағы әйел 2 мамыр күні жедел-респираторлы вирустық инфекция диагнозымен жедел жәрдем қызметі арқылы қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына жеткізілген. Науқастан зертханалық сынамасы алынып, зерттеу қорытындысы COVID-19 теріс нәтиже берді", - деп жазылған Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасы таратқан ақпаратта.
6 мамыр күні жағдайының ауырлығына байланысты жансақтау бөліміне жатқызылып, жасанды тыныс алдырту аппаратына қосылған. Қайта диагностикалық зерттеу қорытындысы жүргізіліп, COVID-19 диагнозы расталды. Науқаста өкпенің созылмалы обструктивті ауруы, 3-ші дәрежелі артериалдық гипертензия, семіздік ауруының екінші дәрежесі, созылмалы калькулезді холецистит, созылмалы панкреатит болған.
Жүргізілген реанимациялық шараларға қарамастан, науқас 11 мамыр күні, сағат 11:55-те қайтыс болды.
Бұл - Шымкент қаласында тіркелген алтыншы жағдай. Сондай-ақ, Нұр-Сұлтан қаласында - 3, Алматыда - 9, Ақмола облысында - 4, Шығыс Қазақстан облысында - 1, Жамбыл облысында -1, Қарағанды облысында - 3, Қостанай облысында - 1, Маңғыстау облысында -1, Павлодар облысында -2, Маңғыстау облысында бір адам көз жұмған болатын.
Тағы оқыңыз: Елде биологиялық қауіпсіздік кеңесі құрылады
Соңғы ақпаратқа сәйкес, елде 5 160 адамда коронавирус расталды. 2 020 адам індеттен айықты.