НҰР-СҰЛТАН, 11 мамыр – Sputnik. Бүгіннен бастап тағы жеті қалаға әуе рейстері ашылады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Бүгіннен бастап президенттің шешімі бойынша қосымша жеті қаламен әуе қатынасы ашылады. Олар – Ақтөбе, Қарағанды, Көкшетау, Қостанай, Павлодар, Тараз және Талдықорған", - деді премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов бүгінгі онлайн брифингте.
Сондай-ақ, ішкі рейстер үшін коронавирусқа тест тапсыру міндетті емес. Ал теміржол қатынасы әзірше тоқтап тұрады.
Айта кетейік, 1 мамырдан бастап Нұр-Сұлтан мен Алматының арасында әуе рейстері ашылған болатын. Ал 4 мамырда осы екі қаладан Өскемен, Қызылорда, Петропавл мен Семейге рейстер қайта ашылды.
Тағы оқыңыз: Облыстардың бірінде карантин мамыр айының соңына дейін ұзартылды
Қазақстанда 16 наурыз күні енгізілген төтенше жағдай режимі 11 мамырда аяқталған болатын.