НҰР-СҰЛТАН, 11 мамыр – Sputnik. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі карантин кезінде коммуналдық шығындарды өтеу ережесіне өзгеріс енгізді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Оқи отырыңыз: Кімдер коммуналдық қызмет үшін 15 мың теңгеден алатыны белгілі болды
Өткен демалыс күндері мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында карантин кезінде коммуналдық қызметтерді жеткізушілердің шығындарын өтеу ережесіне өзгерістер мен толықтырулар енгізілген.
"Белгілі бір санаттағы адамдармен бірге тұратын отбасы мүшелеріне коммуналдық қызметтер үшін төлемдерді өтеу бойынша нормалар енгізілді", - делінген министрдің бұйрығында.
Енді белгілі бір санаттағы адамдардың өздеріне ғана емес, олармен бірге тұратын отбасы мүшелеріне де коммуналдық төлемдер беріледі. Ал арнайы санатқа келесі адамдар кіреді:
- 1, 2, 3 топ мүгедектері;
- Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушылары, Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушыларына теңестірілген адамдар;
- мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар;
- көп балалы отбасылар;
- ең төменгі және одан төмен зейнетақы алатын зейнеткерлер, жалғызбасты зейнеткерлер;
- мемлекеттік немесе қоғамдық міндеттерді, әскери қызметті орындау кезінде, ғарыш кеңістігіне ұшуды дайындау немесе жүзеге асыру кезінде, адам өмірін құтқару кезінде, құқық тәртібін қорғау кезінде қаза тапқан (қайтыс болған) адамдардың отбасылары;
- атаулы әлеуметтік көмек алатын азаматтар.
Бұдан басқа коммуналдық қызметтерді төлеу бойынша төлемдерді жергілікті бюджеттен өтеген жағдайда әкімдіктерге алушылардың санатын, өтеу шарттары мен тәртібін анықтау бойынша мүмкіндік берілді.