НҰР-СҰЛТАН, 11 мамыр – Sputnik. Бірінші вице-премьер, қаржы министрі Әлихан Смайылов Қазақстан коронавирусқа 13,5 миллиард доллар бөлді деген блогерлерге жауап берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Интернетте кейбір блогерлер Қазақстан коронавируспен күреске 13,5 миллиард доллар жұмсағанын жазып, аз қаражат бөлген көрші елдермен салыстырған. Бұл мүлдем қате ақпарат екенін айтқым келеді", – деді Смайылов үкімет үйінде өткен онлайн брифингте.
Министр коронавируспен күреске немесе эпидемияға қарсы шараларға республикалық бюджетте 125 миллиард теңге қарастырылғанын, ал бұған дейін үкімет резервінен 25 миллиард теңге бөлінгенін атап өтті.
"Барлығы сонда 150 миллиард теңге немесе долларға шаққанда 350 миллион доллар бөлінді. Бұл ақша дағдарысқа қарсы шараларды жүзеге асыруға бағытталған 5,9 триллион теңгенің ішіне кіреді", – деп түсіндірді ол.
Алты триллион теңгеге жуық қаржы жұмыспен қамтуға, әлеуметтік төлемдерге, бизнесті қолдауға, кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие беруге, тұрғын үй құрылысына және тағы басқаға қарастырылған.
"Бұл қаражат жыл бойына жоспарланған", – деді Смайылов.
Мәселен, бизнесті жеңілдікпен кредиттеуге 1 триллион теңге бөлінеді. Министр бұл ақша түбінде қайтарылатынын айтты, яғни бизнеске төмен мөлшерлермемен кредит түрінде беріледі.
Оқи отырыңыз: Экономиканы қалпына келтіру бағдарламасын бастау қажет – Назарбаев
Жұмыспен қамту жол картасын іске асыруға 1 триллион теңге бағытталады, оның 300 миллиард теңгесі – бюджеттен, ал қалғаны – бюджеттен тыс қаражат. Бұл ақша әлеуметтік нысандар, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарын, инженерлік инфрақұрылымдар салуға және жөндеуге, елді мекендерді абаттандыруға жұмсалады. 255 мың жұмыс орны құрылады.
Смайылов үкімет жыл бойы бағыттайтын барлық қаражаттың әлеуметтік-экономикалық маңызы зор екенін және халықты жұмыспен қамтуға, табысын арттыруға, іскерлік белсенділікті қолдауға мүмкіндік беретінін атап өтті.