АЛМАТЫ, 11 мамыр – Sputnik. Алматы полиция департаменті Алматы облысы тұрғындарының мегаполиске кіруге әрекеттеніп жатқаны туралы видеороликтерге түсініктеме берді.
11 мамырда таңертең Алматы аумағындағы карантиндік блок бекеттерге ондаған адам жаяу және көлікпен жинала бастады. Қала билігі карантин режимі жалғасатынын алдын ала ескерткеніне қарамастан, адамдар төтенше жағдай режимінің алынуын қалыпты өмірге оралу деп түсінген.
Жүзден астам адам Алматы облысының Қарасай ауданымен шекарадағы блок бекетке жиналды. Дегенмен қоршау арқылы арнайы рұқсаты бар адамдар ғана өткізілді.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда төтенше жағдай режимі алынып тасталды
Алматы полициясы төтенше жағдай режимі аяқталғанына қарамастан, қаланың жедел штабының шешімімен карантин шарасы жалғасатынын еске салды.
"Алматы полиция департаменті қала аумағындағы 27 блок бекет бұрынғыша жұмыс істеп жатқанын хабарлайды. Алматының карантиндік шекаралары жабық", - деді Алматы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Ол блок бекеттерде қоғамдық тәртіпті бұзу оқиғалары болмағанын, қазір жағдай тұрақталғанын атап өтті.