НҰР-СҰЛТАН, 8 мамыр – Sputnik. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов коронавирус індеті жалғасып жатқанына қарамастан, ел біртіндеп қалыпты өмірге оралуы тиіс екенін мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, әлемде және Қазақстанда инфекция әлі де таралып жатыр, пандемия аяқталмады, бірақ өсімнің жоғары қарқыны жоқ.
Эпидемиологтар Қазақстанда коронавирустың екінші толқыны қашан басталатынын болжады
"Біз жағдайды бақылауға алдық. Бұл жаһандық карантин өз нәтижесін берді дегенді білдіреді. Енді біз бір жағынан, вирусты аз адам жұқтыруы үшін санитарлық, профилактикалық шараларды және, әрине, науқастарды анықтап, емдеуді үйренген медициналық қызметтің жұмысын теңдестіруіміз керек", - деді Елжан Біртанов "Хабар 24 "телеарнасына берген сұхбатында.
Екінші жағынан, оның айтуынша, Қазақстандағы шектеу шараларын жеңілдету қажет.
"Еліміз өмір сүре бастауы үшін экономика жұмыс істеуі керек. Эпидемия қаупі біздің елдің қалыпты өмірге оралуына кедергі болмауы тиіс", - деп мәлімдеді министр.
Ол әр өңірде жедел штаб шектеу шараларын қатайту және жеңілдету үшін қажетті шешімдер қабылдайтынын атап өтті.
"Қазір, біз көріп отырғанымыздай, ең алдымен шектеу Нұр-Сұлтан мен Алматыда жеңілдетіле бастады, өйткені олар індетке ертерек еніп, одан ертерек шықты. Содан кейін басқа да өңірлер қосылды", - деді денсаулық сақтау министрлігінің басшысы.
Оның пікірінше, төтенше жағдай режимі және уақтылы қабылданған карантиндік шаралар елдегі коронавирус жағдайына оң әсерін тигізді. Бастапқыда ауру деңгейінің өсу қарқыны тәулігіне шамамен 50-60% болса, қазір 3%-тен 5% -ке дейін төмендеген.