Қоғам

"Мұндай бақытқа сенбегенмін": 4 жыл жертөледе тұтқында болған әйелдің әңгімесі

Осыдан 20 жыл бұрын Екатерина мен оның құрбысын жәбірлеуші алдап соғып, жертөледе төрт жылға жуық тұтқында ұстаған. Кездейсоқ құтқарылған қос құрбы бүгінде бақытты өмір сүруде
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 6 мамыр – Sputnik. Рязань қаласының тұрғыны Екатерина Мартынова құрбысы екеуі төрт жылға жуық жәбірлеушінің жертөлесінде тұтқында болған. Алты метр тереңдікте орналасқан жертөледен қыздар анда-санда ғана таза ауаға шығып тұрған. Екатерина жасөспірім шағында-ақ бала босандыруға қатысып, зорлық-зомбылықтың сан түрін бастан өткізеді.

Алайда бостандыққа шыққаннан кейін екі қыз да қалыпты жағдайға оралып, қазір бақытты ғұмыр кешуде. Тіпті, өздері секілді қорлық көрген жандарға қолдау білдіретін кездері де аз емес. Sputnik Қазақстан Екатерина Мартынованың арнасына берген сұхбатын назарларыңызға ұсынады.

Жертөледе өткен жас ғұмыр

14 жастағы Екатерина Мартынова мен 17 жастағы Елена Самохина 2000 жылдың 30 қыркүйегінде қиыншылыққа тап болды. Би кешінен кейін 50 жастағы Виктор Мохов пен серіктесі Елена Бадукина қыздарды үйлеріне жеткізіп салуды ұсынады. Бірақ жол жөнекей қыздарға ұйықтатын дәрі қосылған ішімдік ішкізіп, көрші Скопин қаласына апарды. Одан кейінгі үш жыл жеті ай бойы оларды жер асты бункерінде ұстап, зорлық-зомбылық көрсетеді.

Босану және бостандық

Елена жәбірлеушіден үш рет жүкті болған. Ал Екатерина болса акушерлік пен гинекология туралы оқулықтарға сүйене отырып, екі рет құрбысын босандырып алады. Үшінші бала өлі туылған.

Дегенмен, тұтқынға түскен қос құрбы кездейсоқ құтқарылды. Мохов Катяны үйінен бөлме жалдап тұратын бір қызбен өзінің туысы ретінде таныстыруды жөн көреді. Осы мүмкіндікті пайдаланған Катя мен Лена өздері туралы жазылған хатты пәтер жалдаушы қызға беріп, полицияға жеткізуін өтінген. Көп ұзамай олар табылып, босатылды.

Осындай сорақы әрекеті үшін Виктор Мохов 17 жылға сотталды. Енді ол бір жылдан аз уақытта босап шығады. Ал Моховтың серіктесі Елена Бадукина қыздарды ұрлауға көмектескені үшін бес жарым жылға түрмеге қамалып, жазасын өтеп шыққан.

Тұтқындаудан кейінгі өмір

"Үкім шыққан кезде маған 17 жыл – бүкіл өмір сияқты көрінді. Енді мен бұл кезеңнің жеткіліксіз екенін түсіндім. Оның босатылуына бір жылдан аз уақыт қалды. Адамға өлім тілеу – күнә екенін білемін, бірақ мен оның бостандыққа шыққанын қаламаймын", – дейді Екатерина.

2017 жылы жәбірлеуші өз тәжірибесі туралы кітап жазып біткен соң, Екатеринаға хат жолдапты.

"Ешқандай ар-намысы жоқ. Кешірім сұрауға тырысады. Ол менің жазғандарымның бәрі жалған деп, өзі босап шыққан соң қалай болғанын жария етпек. Оның хатын жыртып тастадым", – дейді ол.

Екатеринаның қалыпты өмірге оралуына анасы мен әпкесі көмектескен.

"Мен кәмелет жасқа толмаған кезімде психологқа бір рет барғанмын. Тергеу жүріп жатқан кезде болған оқиғаны бастан-аяқ баяндап, бәрін қайта еске түсіруге мәжбүр болдым. Содан кейін психолог та маған жат көрініп, одан бас тарттым. Ал отбасылық жағдайда, үйде өзімді жайлы сезіндім", – дейді ол.

Екатерина тұтқындаудан босанып шыққаннан кейін адамдармен қарым-қатынас жасау қиын болғанын айтады. Сонымен қатар, ол құрбыларымен бастан өткерген бақытсыз кездері туралы мүлдем сөйлеспейді. Бірақ барлық жаңалықтарды достарынан естіп жатады.

Екінші қыздың өмірі қалай өзгерді

"Менің білуімше Елена тұрмыс құрып, кейіннен ажырасқан. Қазір бір жігітпен тұрады. Оларда бәрі жақсы сияқты, жақында тойы болады. Ортақ танысымыздың айтуына қарағанда Лена бақытты әрі әдемі көрінеді. Ағылшын тілінен сабақ береді", – дейді Екатерина.

Еленаның дүниеге әкелген балаларын жәбірленуші босанғаннан кейін бірден асырап алған.

"Маған қарағанда Ленаға әлдеқайда қиын болды. Ол не істеу керектігін түсінбеді және осындай психологиялық жарақат қалды. Қорқынышты адамнан үш бала дүниеге әкелгенін елестетіп көріңізші. Қалай десек те, балалардың кінәсі жоқ. Сондықтан мен Ленаның не себептен тұйықталып, журналистермен сөйлесуден бас тартатынын түсінемін", – дейді Екатерина.

Бақытты табу және басқаларға көмектесу

Қазір Екатеринаның екі баласы бар: ұлы – жеті жаста, қызы – бес жаста. Үй шаруасындағы әйел үшінші рет тұрмыс құрған.

"Бұрын мен мұндай бақыттың болатынына сене алмайтын едім. Бірақ қазір көрген барлық азаптарым үшін осындай сый болуы мүмкін деп ойлаймын", – дейді ол.

Екатеринаның айтуынша, зорлық-зомбылық көрген көптеген қыздар оған жүгінеді.

"Біреу зорлық көреді, енді біреудің отбасындағы жағдайы нашар. Олар тығырықтан қалай шығу туралы кеңес сұрайды. Мен психолог емеспін әрі ешқандай кеңес беруге де құқылы емеспін. Сондықтан оларды жай сөзбен қолдаймын", – дейді ол.

Екатерина Мартынова қиын жағдайға тап болған адам. Ол ештеңеге қарамай мықты болуға тырысады.

"Өйткені саған көмектесе алатын бірінші адам – ​​бұл өзің ғана. Әрине, өзіңнің жақындарыңды жақсы көруің керек және оларға қамқор болуың керек. Себебі олар қиын сәтте саған қамқорлық жасап, барлық сүйіспеншілігін береді", – дейді ол.

Жертөледегі өмірі туралы әңгімелескен бойжеткен ол жерде өлең жазғанын және әлі күнге дейін сақтап жүргенін есіне алады. Қазіргі кезде ол пандемиядан кейін жарық көретін екінші кітабын аяқтады.