Аңызға айналған ұшқыш Нұркен Әбдіровтің ерлігі жайлы фильм көрсетіледі

Батырдың ерлігін баяндау үшін архив хроникасы мен компьютерлі графика қолданылды. Фильмге тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіровтің естеліктері де енгізілген
Sputnik

АЛМАТЫ, 4 мамыр – Sputnik. 2020 жылдың 8 мамырында сағат 15:00-де Жеңістің 75 жылдығына орай Sputnik Қазақстан сайтында "Нұркен Әбдіров. Ұлдарымның ішіндегі кенжесі" деректі фильмінің онлайн көрсетілімі өтеді.  

"Қазақфильм" киностудиясының бұл туындысында 1942 жылдың желтоқсанында әскери тапсырманы орындау кезінде қаза тапқан ұшқыш Нұркен Әбдіровтің ерлігі баяндалады. Ол өзінің жалын шарпыған Ил-2 ұшағын фашистердің әскери техникасы шоғырланған тұсқа қарай бағыттап, ерлікпен қаза тапты. Осы ерлігі үшін қайтыс болғаннан кейін Кеңес Одағының батыры атағына ие болды.

Фильмнің түсірілім жұмыстары Нұр-Сұлтан, Алматы және Нұркен Әбдіровтің туған жері – Қарағанды облысында өтті.

Түсірілім тобы Волгоградта да болған. Ол жерде Мамаев қорғанында Нұркен Әбдіровтің аты жазылған мәрмәр тақта орнатылған. Сонымен қатар фильмді түсіргендер ұшқыш қайтыс болған Ростов облысының Боков ауданында да болды.

Оқи отырыңыз: Екі мәрте Кеңес Одағының батыры атанған қазақстандықтар 

"Ұлы Отан соғысы жылдары – халқымыздың триумф пен трагедияны бастан кешірген уақыты. Ол жылдар жайлы біреудің естелігінен білгендер де ауыр күрсініспен баяндайды. Өлім, қайғы-қасірет, айырылысу мен ұрыс даласының аспанына төнген қара түнек. Алайда бәрімізге қараңғыда жұлдыздардың жарқырай түсетіні белгілі", - дейді фильмнің режиссері Алексей Каменский.

Sputnik Қазақстан оқырмандары Нұркен Әбдіров басынан кешкен оқиғалар жайлы алғашқылардың бірі болып біле алады, фильмнен соғыс және соғыс жылдарының алдындағы жағдайды тамашалай алады. Оқиғаларды көрсету үшін архив хроникасы мен компьютерлі графика қолданылды. Фильмге тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіровтің естеліктері де енгізілген.

"Қазақ жерінде Кеңес Одағының батырлары мен өздері сенген әрі сүйген жер үшін жан аямай айқасқан талай жұлдыз дүниеге келді. Олардың қатарында Луганский, Ғабдуллин, Бигелдинов, Ақижанов, Доспанова, Мәметова мен Молдағұлова және, әрине, Әбдіров бар", - дейді режиссер.

"Нұркен Әбдіров. Ұлдарымның ішіндегі кенжесі" деректі фильмі халықаралық фестивальдерге қатысып жатқандықтан, фильмді бір тәулік ішінде ғана көруге мүмкіндік бар. Фильмді 8 мамыр сағат 15:00-ден 9 мамыр сағат 15:00-ге дейін Sputnik Қазақстан сайтында және Sputnik Қазақстан ақпарат агенттігінің YouTube арнасында көруге болады.