НҰР-СҰЛТАН, 4 мамыр – Sputnik. "ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ басқарма төрағасының орынбасары - қаржы директоры Дәурен Қарабаев мұнай дағдарысынан келетін шығын туралы айтып берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Осы жолы мұнай бағасының құлдырауы 2014-2015 жылдардан да қатты болды. Дәл қазір қандай бір болжам жасаған қиын. Дегенмен, қазіргі жағдай біздің қаржылық көрсеткіштерімізге теріс әсер ететін болады", - деді Қарабаев бүгінгі онлайн брифингте.
Оның айтуынша, биыл бірінші тоқсанда "ҚазМұнайГазға" қарасты компаниялар, бірлескен кәсіпорындар мен мұнай өңдеу зауыттары шығынға батты. Алайда мұнай тасымалдау мен газ өндіру салаларының жағдайы жаман емес. Себебі осы екі секторға мұнай бағасының құбылуы қатты әсер етіп отырған жоқ.
"Бұдан бөлек, 2020 жылда біз бірлескен кәсіпорындардан түсетін дивидендтер азаяды деп болжап отырмыз. Жалпы, осы жылда біздің еркін ақша ағынымыздың көрсеткіші теріс болуы әбден мүмкін. Сондықтан кәсіпорындардың жұмысын қолдау үшін жинаан қорымыздағы ақшаны пайдалануға тура келеді", - деп атап көрсетті Қарабаев.
Тағы оқыңыз: "ҚазМұнайГаз" компаниясы қызметкерлерін қысқартып жатыр