Экономика

4 мамырдан бастап істейтін халыққа қызмет көрсету орталығының тізімі жарияланды

Орталықтарға онлайн режимінде алу мүмкіндігі жоқ қызмет үшін ғана баруға болады. Алдын ала кезек қою керек
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 4 мамыр — Sputnik. Елорда мен бірқатар өңірде 58 халыққа қызмет көрсету орталығының жұмысы жанданды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Азаматтарға арналған үкіметтің" баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, 4 мамырдан бастап астанада Мәңгілік ел, 30 мекенжайындағы орталық пен мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді. 

Мәңгілік Ел мекенжайындағы орталық тек кәсіпкерлік субъектілеріне, мамандандырылған ХҚКО автосалондарға ғана қызмет көрсетеді. 

Жұмыс кестесі 09:00-ден 17:00-ге дейін.

"Адамдардың шоғырлануы мен вирус жұқтырудан сақтану үшін орталық әкімдік алдын ала ұсынған ұйымдар тізімімен ғана жұмыс істейді. Олар кредит бойынша оң шешім алған. Орталықта кәсіпкерлер мүлікті кепілге қою келісімшартын тіркей алады", - деді "Азаматтарға арналған үкімет".

Өңірлердегі орталықтар жұмысы

4 мамырдан бастап Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарында да орталықтар шағын және орта бизнес субъектілеріне қызмет көрсете бастайды. 

Орал, Қарағанды және Ақтаудағы орталықтар жеке тұлғалар үшін де өз есігін ашты. 

Алайда коронавирус пандемиясына байланысты орталықтарға онлайн режимінде алу мүмкіндігі жоқ қызмет үшін ғана баруға болады. Алдын ала электронды үкімет порталында немесе 1414 нөмірі бойынша бірыңғай байланыс орталығында кезек алу керек. 

Зейнеткерлер, көпбалалы отбасы мен мүмкіндігі шектеулі жандар орталық қызметіне әдеттей жолмен жүгіне алады.

Олар үшін әрбір фронт-кеңседе арнайы терезе жұмыс істейді. Бірақ 1414 нөмірі бойынша бірыңғай байланыс орталығында кезек алу шарт.

4 мамырдан бастап жұмысқа кіріскен орталықтардың толық тізімі кестеде көрсетілген.