Қоғам

Білім және ғылым саласын толығымен жаңғыртамыз – мемлекет басшысы

Тоқаев бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыру үшін адам капиталын дамыту қажеттігін айтты. Бұл – стратегиялық маңызы бар міндет
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 4 мамыр – Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сенат отырысында бұдан былай медицина ғылымын дамытуға ерекше көңіл бөлініп, білім және ғылым саласы толығымен жаңғыртылатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Мемлекет басшысының айтуынша, дағдарыстан кейінгі кезеңге қазірден бастап дайындалуымыз керек. Қандай күрделі және қауіпті болса да, дағдарыс – өтпелі нәрсе. Ол  жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.

"Бұл масқара ғой": Реформалардың нәтижесі Сапарбаевтың ашуын келтірді 

"Сондықтан Елбасы 24 сәуірде Қауіпсіздік кеңесінің отырысында келешектегі экономикалық стратегиямыз жөнінде айтып, айқын бағдар көрсетті. Мен 27 сәуірде арнайы мәлімдеме жасадым. Үкімет пен әкімдердің алдына нақты міндеттер қойдым. Осыған орай кешенді іс-қимыл бағдарламасы бар деп күмәнсіз айтуға болады. Оны ешқандай қосымша мәлімдемелермен толықтырмай жүзеге асырған жөн", - деді Тоқаев.

Президенттің сөзіне қарағанда, қазіргі кезде үкімет пен ұлттық банк экономикалық дамуды қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. 11 мамырға дейін арнайы жоспар дайындалмақшы.

"Экономикада түбегейлі реформа жүргізу керек. Бұл – аса күрделі міндет. Ең алдымен, экономикалық өсімді қалпына келтіріп, халықтың әл-ауқатын арттыру қажет. Біз осы пандемиядан сабақ алуымыз керек. Кейбір салаларда кемшін тұстарымыз бар. Мұны індеттен туындаған ахуал анық аңғартты", - деп атап көрсетті Тоқаев.

Мемлекет басшысы сондай-ақ бірқатар маңызды міндетті атады.

"Бірінші кезекте денсаулық сақтау жүйесіне баса мән берген жөн. Бұл саланы жаңғырту үшін тың бастамаларды қолға алуымыз қажет. Заман талабына сай ауруханалар салып, қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз ету аса маңызды", - деді Тоқаев.

Президенттің айтуынша, бұдан былай медицина ғылымын дамытуға ерекше көңіл бөлу керек. Себебі осы салада еңбек етіп жүрген ғалымдардың әлеуеті зор. Мамандарға лайықты жағдай жасап, нақты қолдау көрсеткен абзал.

"Сонымен қатар білім және ғылым саласын толығымен жаңғыртамыз. Осы ретте озық технологиялар мен цифрландыруды кеңінен қолдануымыз керек. Бұл – басты міндеттердің бірі. Біз бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыру үшін адам капиталын дамытуымыз керек. Бұл – стратегиялық маңызы бар міндет. Өйткені Қазақстанның болашағы білімді әрі білікті азаматтардың қолында", - дейді Тоқаев.  

Тағы бір маңызды мақсат – шағын және орта бизнесті өркендету. Оған мемлекет тарапынан барынша қолдау көрсетіледі. Ұлттық экономиканы әртараптандыру – кезек күттірмейтін міндет. Ал шикізатқа тәуелділіктен арылу үшін отандық өндірістің жұмысын жандандыру қажет.

"Бұл – оңай мәселе емес. Дегенмен, оны басты назарда ұстаймыз. Біз қолға алған саяси реформаларды жалғастыра береміз. Онсыз мемлекетіміз дамымайды. Осы ретте мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыру аса маңызды. Бізге басшылардың жаңа буынын тәрбиелеу керек. Елдің мүддесін ойлайтын мамандар болмаса, бастамаларымыз нәтижесін бермейді", - деп толықтырды Тоқаев.

Осы орайда мемлекет басшысы өзі ұсынған "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасының маңызы зор екенін ерекше атап өтті. Сондай-ақ, Елбасы мақұлдаған Ұлт жоспарын міндетті түрде жүзеге асыру керектігін жеткізді. Себебі бұл – заман талабы.