Қоғам

Тоқаевтың сенімді өкілі болған Әшімбаев туралы қызықты деректер

Өткен жылғы президент сайлауында Мәулен Әшімбаев  кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың сенімді өкілі болды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 4 мамыр – Sputnik, Арман Асқар. 2 мамырдан бастап қоғамдық талқылау негізгі екі сұрақтың төңірегінде болды. Біріншісі – "Дариға Назарбаева сенат төрағалығынан неге кетті?", екіншісі – "Оның орнына кім келеді?". Бүгін екінші сұрақтың жауабы белгілі болды. Бұрын мәжілісте депутат болған Мәулен Әшімбаев президент әкімшілігінен бірден сенат төрағалығына келді. Sputnik Қазақстан тілшісі жаңа спикер туралы қызықты деректерді ұсынады.

Шындыққа сүйіспеншілік пен ақиқатқа іңкәрлік

Алдымен Мәулен Әшімбаевтың белгілі тележурналист, жазушы және қоғам қайраткері Сағатхан Әшімбаевтың ұлы екенін атап өткен жөн. Әкесі әдеби сын жанрының шебері болды. "Жас Алаш" газетінде редактордың орынбасары қызметін атқарды. Теледидарда "Жүректен қозғайық" атты бірнеше жылға созылған бағдарламаны жүргізді. Одан кейін "Парыз бен қарыз" атты авторлық бағдарламасын ашты. Шетелде тұратын қандастарымызды аралап, "Қауышу" хабарын түсіріп шықты. Ал шығамаларының басым бөлігі - әдеби сын мақалалар. Соның ішінде "Талантқа тағзым", "Парасатқа құштарлық", "Шындыққа сүйіспеншілік", "Ақиқатқа іңкәрлік", "Азаматтыққа адалдық" және тағы басқа кітаптары бар.

Мәулен Әшімбаевтың анасы да журналист болған. Шәрбану Бейсенова повесть, әңгіме жазды.  Төл туындыларымен қатар аудармамен де айналысты. Ханс Кристиан Андерсеннің ертегілерін, Жоржи Ахмадудың  "Құм жағалаудың капитандары" атты романын қазақ тіліне тәржімалап шыққан.

Сарапшылық қызметі

Мәулен Әшімбаевтың өзі мықты сарапшы, саясаттанушы, саяси экономияны жақсы меңгерген. Ал саяси ғылымдар бойынша қорғаған кандидаттық диссертациясының тақырыбы – "Жаһандық демократизация үдерісі жағдайында Қазақстандағы саяси транзит". АҚШ-тың Тафтс университінде оқып, халықаралық қатынастар магистрі дәрежесін алып шықты.

Әшімбаев еңбек жолын баспасөз және бұқаралық ақпарат министрлігінде бастаған болатын. Екі-ақ жылдың ішінде өзі мықты сарапшы ретінде көрсете білді. Содан президент жанындағы стратегиялық зерттеулер және талдау орталығына шақырылды. Сол жерде төрт жылдың ішінде бас сарапшы қызметінен орталық меңгерушісінің бірінші орынбасарына дейін көтерілді. Артынан бірден Қауіпсіздік кеңесінің талдау орталығының меңгерушісі болып тағайындалды. Осы жұмыспен қатар Қазақстан президенті жанындағы стратегиялық зерттеулер институтының директоры қызметін атқарды.

"Ешкім қорқытып отырған жоқ": Дариға Назарбаева несімен есте қалды

Мәулен Әшімбаевтың әріптестері оның стратегиялық зерттеулер институтының дамуына қосқан үлесін әлі күнге дейін еске алады. Ол өзі де институтта сарапшылық қабілетін шыңдай түсті. Ұлттық қауіпсіздік, саяси транзит, терроризм, мұнай ресурстары және тағы басқа мәселелерді қаузап, сараптамалық еңбектен шығарды. Содан болар, оны бірден Қауіпсіздік кеңесі хатшысының орынбасары (2005-2006), артынан президент әкімшілігі басшысының орынбасары (2006-2011) қызметіне шақырды.

Депутаттарға дербестік беруге бола ма?

Мәулен Әшімбаевқа төрағаның қызметі де таңсық емес. Ол парламент мәжілісінің екі бірдей шақырылымында халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы болды.

Депутат ретінде бірқатар маңызды заңды әзірлеуге қатысты. Соның ішінде "Ақпаратқа қол жеткізу туралы" заң да бар. Осы құжатта қазақстандықтардың ақпаратты алу құқықтары мен мемлекеттік органдардың сол ақпаратты беруге қатысты жауапкершілігі бекітілген. Бұдан бөлек, Әшімбаев экстремизм мен терроризмге қарсы заңнаманы әзірлеуге атсалысты.

Сол кезде Әшімбаев өз бетінше заң жобаларын ұсыну үшін депутаттарға дербестік беруге қатысты пікір білдірген.

"Депутаттар қызметінің кемшілігі – бізде заң жобаларын дайындау үшін үкімет және министрліктермен салыстырғанда аналитикалық, интеллектуалдық ресурстар өте аз", — деді Әшімбаев.

Мәжілістің экс-депутаты Әшімбаев исламтанумен кәсіби тұрғыда айналысатын мамандарды дайындау мәселесін де көтерді.

"Бізге дінтанушылармен қатар теологтар қажет. Исламтанумен кәсіби тұрғыда айналысатын адамдар керек. Меніңше, біз халықаралық деңгейде, ислам әлемінде мойындалған 25-30 теолог дайындап шығаруымыз қажет. Мысырда, Сауд Арабиясында, басқа да араб елдерінде танылған теологтар болғаны дұрыс. Бірақ олар мемлекеттің құндылықтарын құрмейттейтін, өз елінің патриоттары болуы тиіс", — деді ол дінтанушылар съезінде.

Президенттің сенімді өкілі дебатқа қатысты

Осыдан екі жыл бұрын Мәулен Әшімбаев "Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары қызметіне тағайындалды. Оның келуімен орталық аппараттың кіреберісіне күрделі жөндеу жасалды, цифрлық стендтер қойылды. Хатшылыққа еңбек және халықты әлеуметтік қорғау экс-министрі Тамара Дүйсенова келді. Партияның қатарына танымал жастар тартылды.

Өткен жылы партияның XVII съезі ұйымдастырылды. Сол жерде Нұрсұлтан Назарбаев көпбалалы отбасыларға 21 000 теңгеден беру бастамасын жариялаған болатын. Сондай-ақ, саяси ұйымның жаңа логотипі қабылданды. "Нұр Отан" латын қарпімен "Nur Otan" болып жазылатын болды.

Ал өткен жылғы президенттік сайлауда Мәулен Әшімбаев сол кездегі кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың сенімді өкілі болып, сайлауалды штабты басқарды. Кандидаттың атынан дебатқа да қатысты.

Осылайша, Мәулен Сағатханұлы бір айналып, тағы президент әкімшілігіне барды. Ал бүгіннен бастап бірден сенат төрағалығына сайланды.