НҰР-СҰЛТАН, 3 мамыр — Sputnik. Түркістан облысында су басқан ауылдардан он мыңға жуық адам көшірілді.
Алты ауылды су басты, айтарлықтай шығын келді, деп хабарлады Sputnik Қазақстан тілшісіне өңірлік әкімдік.
Он мыңға жуық адам мектептердегі эвакуациялық пункттерге орналастырылған. Тұрғындарға бетперде, қолғап, санитайзерлер таратылды, деді облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов.
"Алты елді мекенді су басты. Жеті елді мекеннен, оның ішінде Мақтаарал ауданының орталығы Мырзакенттен тұрғындар көшірілді. Олар Атакенттегі эвакуациялық пункттерге орналастырылды. Бұл жерде су жоқ. Жалпы, он мыңға жуық адамды жайғастырдық", - деді ол.
Айтуынша, көпшілігі туған-туыстары мен таныстарына баруды жөн көрген. Эвакуациялық пункттерде тұрғындарға үш рет тамақ беріледі, облыс резервінен жиналмалы кереует, матрас, жастық, төсек-орын бөлінді, деді әкімнің орынбасары.
"Қазір елді мекендерде он шақты адам қалды, олар кімнің малы қалғанын қарайды, төтенше жағдай қызметкерлеріне көмектеседі. Қауіп төнсе, оларды бірден эвакуациялаймыз", - деп қосты ол.
Мектепті су басып, көпірді су шайды
Фердоуси ауылында мектеп аумағын су басты, деп хабарлады өңірлік коммуникациялар қызметі.
Жеңіс ауылына апаратын ұзындығы он және ені алты метр болатын негізгі көпірді су шайған.
Нұрлыжол ауылында 28 гектар мақта алқабы су астында қалды.
Негізгі су ағынын азайту үшін өзбек тарапы суару каналдары желісіне шлюзді ашты.
Осыдан соң Түркістан облысы Мақтаарал ауданының шекара коллекторлары толып кетті, бұл судың каналдан шығып, елді мекендерді басып қалуына әкеп соқтырды.
Мақтаарал ауданында шұғыл штаб құрылып, техногенді сипаттағы төтенше жағдай жарияланды.