Экономика

Тоқаев Өзбекстан президентіне телефон соқты

Қазақстан мен Өзбекстан президенттері көрші елдің Сырдария облысындағы Сардоба су қоймасы бөгетінің бұзылу салдарын талқылады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 3 мамыр – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевпен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Телефонмен сөйлесуге Қазақстан тарапы бастамашы болған.

Әңгімелесу барысында Қазақстан президенті Сырдария облысындағы Сардоба су қоймасы бөгетінің бұзылу салдарын жою жөніндегі Өзбекстанның қолға алған іс-қимылдарын жоғары бағалап, бауырлас әрі тату көрші өзбек халқына көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді.

Шавкат Мирзиёев Қасым-Жомарт Тоқаевқа қолдау білдіргені үшін алғыс айтып, апат Қазақстанның оңтүстігіндегі бірқатар елді мекенге де зиян тигізгеніне өкініш білдірді. Осыған орай Өзбекстан президенті су тасқынынан зардап шеккен аудандарды тезірек қайта қалпына келтіру мақсатында бірлескен шаралар қабылдауға ниетті екенін айтты.

Мемлекет басшылары қалыптасқан жағдайға орай туындаған барлық мәселені шұғыл шешу үшін екі елдің үкіметтері деңгейіндегі үйлесімді жұмыстың маңыздылығын атап өтті.

Коронавируспен күрес

Сонымен қатар тараптар COVID-19 вирусына қарсы күресте екі елдің атқарып жатқан тиімді әрі жүйелі жұмыстарына көңілі толатынын айтып, соның арқасында індеттің кең таралуына жол берілмегеніне тоқталды.

Осы ретте тараптар пандемияның Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы сауда-экономикалық қатынастарға кері әсерін болдырмау мақсатында екіжақты ықпалдастықты жандандыру қажеттігіне назар аударды. Атап айтқанда ауыл шаруашылығы, машина жасау, жеңіл өнеркәсіп және тағы басқа салалардағы экспорт әлеуетін арттыру үшін бірлескен өндіріс орындарын ашу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Еске сала кетсек, бөгеттің бұзылуынан Түркістан облысы Мақтаарал ауданындағы екі ауылды толықтай су басты. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ, халық көшірілді. 

Тоқаев Өзбекстан президентіне телефон соқты