Экономика

ЕАЭО мықты экономикалық одаққа айналуы тиіс – Тоқаев

Еуразия мемлекеттері интеграциясының басты мақсаты – экономикалық жаңғырту арқылы азаматтардың өмір сүру деңгейін жақсарту, деп атап өтті президент
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 1 мамыр –Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) қалай дамитыны туралы пікір білдірді.  

"Менің түсінігімде Еуразиялық экономикалық одақ болашақта инновациялық экономикасы, дамыған өнеркәсібі бар және адам капиталы жоғары деңгейдегі мықты экономикалық одаққа айналуы керек", - деді мемлекет басшысы "Мир" мемлекетаралық телерадиокомпаниясына берген сұхбатында.   

Ол бұл ЕАЭО мүшелері қол жеткізуге ұмтылуы тиіс "өте үлкен мақсат" екенін атап өтті.

Қазақстан Ресеймен серіктестікке басымдық береді – Тоқаев

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың еуразиялық интеграция туралы бастамасы соңғы жылдардағы халықаралық қатынастардағы жаһандық сын-қатерлерге жауап болғанын мәлімдеді.

"Еуразиялық интеграция тарихи өлшем бойынша қалыптасу мен даму жолынан жылдам өтті, ал одақ аясында ынтымақтастықтың көптеген саласында оң нәтижелерге қол жеткізілді", - деді президент.

Тоқаев бар-жоғы бірнеше жылдың ішінде тауарлар, қызметтер, капитал және еңбек ресурстарының бірыңғай нарығы қалыптасқанына назар аударды. Кәсіпорындардың іскерлік белсенділігі артып, өндірістік және сауда бірлестіктері, бірлескен кәсіпорындар құрылып жатыр.   

Сонымен бірге еуразия мемлекеттері интеграциясының басты мақсаты экономиканы жаңғырту арқылы азаматтардың өмір сүру деңгейін арттыру болып саналады.

"Біздің экономикаларымыздың аймақтық және жаһандық экономикалық жүйелерге интеграциялануы әлемнің дамыған елдерінің қатарына қосылудың маңызды тетігі бола алады. Біздің бірлестікке қатысушылар интеграциялық үдерістерге, ең алдымен, экономикалық прагматизм қағидаттарына, сондай-ақ теңдік пен өзара пайдаға негізделген көзқарасты ұстанатыны көңіл қуантады", - деп түйіндеді Қазақстан президенті.