Өңірлер

Алматыда үш жүзден астам жастан Covid-19 табылды

Қаланың бас санитар дәрігері қазір 14 күндік стационарлық карантинде 1 468 адам, үй карантинінде 9 163 адам отырғанын мәлімдеді
Sputnik

АЛМАТЫ, 30 сәуір – Sputnik. Алматыда коронавирус инфекциясын жұқтырудың күн сайынғы өсімі жеті процентті көрсетіп отыр. Бұл жайында қаланың бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"14 жасқа дейінгі 37 баладан, 20-29 жас аралығындағы 279 адамнан Covid-19 табылды. Ең маңыздысы, 60 жастан асқан 70 адамның инфекция жұқтырғаны анықталды", - деді Бекшин.

Сонымен қатар Алматыда 15-19 жас аралығындағы 53 адам, 30-39 жастағы 181 адам, 40-49 жастағы 160, 50-59 жас аралығындағы 149 адам індетке шалдыққан.

Науқастармен байланыста болған 14 541 адам анықталды, оның 2 760-сы жақын қарым-қатынаста болған және 11 781-і байланыста болуы мүмкін адамдар.

Қазір 14 күндік стационарлық карантинде 1 468 адам, үй карантинінде 9 163 адам оқшауланды.

Оқи отырыңыз: Алматылықтарға көшеде бетпердесіз жүруге рұқсат етілді

Қала бойынша 366 инфекция ошағы бар, оның ішінде 151 инфекция ошағына белсенді түрде дезинфекциялау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал қалған ошақтарда аптасына екі рет дезинфекция жасалады.  

Жалпы алғанда қалада 1028 адамның инфекция жұқтырғаны анықталды, 115 адам емделіп, 14 күндік үй карантиніне шықты. Сегіз адам қайтыс болды.

Айта кетейік, бұған дейін қаланың бас санитар дәрігері Алматыда 20 сәуірде күн сайынғы инфекцияны жұқтыру өсімі 15,6%-ті көрсеткенін айтқан еді. Ал 25 сәуірде бұл көрсеткіш 2,2% болды. 20-28 сәуір аралығында жұқтыру өсімінің орташа көрсеткіші – 6,6% болды.