Әлем

Кореяда адамдарды өрттен құтқарған қазақстандыққа күтпеген ұсыныс жасалды

Әлиақбар Юлдашевке өрт сөндіру қызметінде жұмыс ұсынылды. Алайда ол Қазақстан азаматтығынан бас тартқысы келмеді
Sputnik

АЛМАТЫ, 29 сәуір — Sputnik. Оңтүстік Кореяның Янян уезінің билігі он адамның өмірін сақтап қалған Әлиақбар Юлдашевты марапаттау рәсімінде оған жұмыс ұсынды. Алайда қазақстандық болашақта елге оралуды жоспарлап отырғанын айтып, ұсыныстан бас тартты.

Янян уезінің өрт сөндіру станциясының басшысы Ко Чана Хо Әлиақбарды жұмысқа шақырды, деп хабарлайды "Хабар 24" телеарнасы.

"Янянда шетелдіктің Корея азаматтарын құтқару бірінші рет болып отыр. Әли әрбір көршісіне өрт шыққанын хабарлап, үйден өздігімен шыға алмайтындарды құтқарды. Ол қауіптен қорыққан жоқ, адамгершілік танытты, өте керемет іс жасады", - деді Ко Чан Хо.

Қазақстандықтың жұмыстан бас тартуы оңтүстіккореялықтарды таңғалдырды. Жергілікті өрт сөндіру қызметінде жұмыс істеу үшін Әлиақбар Қазақстан азаматтығынан бас тарту керек.

"Өмірімнің соңына дейін бұл жерде қала алмаймын. Үйде, Түркістанда болғым келеді. Ешқандай ақшаға алмастырмаймын", - деді ол.

Алайда кореялықтар Юлдашевке алғысын өзгеше білдіру жолын тапты. 

Корея билігі Әлиге емделуге арналған виза ұсынды. Ол қазақстандыққа бұл елде жарты жыл болуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, оған Кореяда тұруға ықтиярхат беру мәселесі қарастырылады.

Бұған қоса, ірі кореялық компанияның бірі карантин аяқталған соң Әлидің жары мен екі баласын Түркістаннан Янянге жеткізеді.

Бұған дейін Оңтүстік Кореяда 2007 жылдан бері заңсыз қызмет етіп жүрген қазақстандық Әлиақбар Юлдашевтың 23 наурыз күні он адамды өрттен құтқарғаны хабарланған болатын.