Қоғам

Қазақстанда 4 мамырдан қандай нысандардың жұмысы жанданатыны белгілі болды

Сонымен қатар, мемлекеттік комиссияның шешімімен 4 мамырдан бастап далада спортпен шұғылданып, жаттығу жасауға рұқсат етіледі
Sputnik

АЛМАТЫ, 29 сәуір –Sputnik. Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия барлық өңірде 4 мамырдан бастап жұмысқа кірісетін нысандардың тізімін бекітті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Сонымен, аумағы 500 шаршы метрге дейінгі азық-түлік cатпайтын дүкендер сағат 17:00-ге дейін жұмыс істейтін болады. Фотосалондар, гүл сататын дүңгіршектер де ашылады.

Шаштараз және медицина орталықтары, стоматологиялық клиникалар алдын ала жазылу бойынша жұмыс істейді.

Оқи отырыңыз: "Ешқайда кетпейді": бас санитар дәрігер коронавирусқа қатысты мәлімдеме жасады

Жылжымайтын мүлікке қатысты операцияларды жүзеге асыратын компаниялар, жарнама агенттіктері, адвокаттар, нотариустар мен шағын қаржы ұйымдары, сақтандыру компаниялары, ломбардтар, айырбастау пункттері, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар компанияларының жұмысы жанданады.

Сонымен қатар, 4 мамырдан бастап далада спортпен шұғылданып, жаттығу жасауға рұқсат етіледі.

Айта кетейік, Қазақстанда төтенше жағдай 16 наурызда енгізілді. Ол 11 мамырға дейін жалғасады.