АЛМАТЫ, 28 сәуір – Sputnik. Алматы тұрғындарына облыстағы саяжайларға баруға рұқсат етіледі. Бұл жайында Алматы қаласы әкімінің бірінші орынбасары Ерлан Қожағапанов мәлімдеді, деді хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Қала тұрғындарына өз саяжайларына, оның ішінде Алматы облысында орналасқан саяжайларына баруға рұқсат етіледі. Ол үшін ешқандай қосымша өтініш берудің қажеті жоқ", - деді Қожағапанов.
Елордада саяжайға бару үшін қандай құжат қажет – әкімнің орынбасары түсіндірді
Сонымен қатар саяжайға бару үшін қала тұрғындары келесі ережелерді сақтауы керек:
- саяжай меншігін растайтын заңды құжат пен өзінің және 2 адамнан аспайтын ілесушінің жеке куәлігін көрсету;
- саяжайға барар жолда міндетті түрде медициналық бетперде тағу, антисептик болуы қажет;
- аса қажеттілік болмаса саяжай аумағынан шықпау;
- саяжай аумағына қонақ шақыруға тыйым салынады;
- үш адамнан артық жиналуға болмайды.
Осы орайда қала әкімінің орынбасары 65 жастан асқан алматылықтарға үйден шықпауға кеңес берді.
"Осы ережелерді әзірлеу кезінде саяжайға баруға рұқсат сұрайтындардың басым бөлігі электронды өтініш беруге қиналатын егде жастағы азаматтар екенін ескердік. Сол себепті жедел штаб саяжайға баратын азаматтардың жүріп-тұруын мейлінше жеңілдетуге тырысты. Енді алматылықтар саяжайының бар екенін растайтын құжат пен жеке куәлігін көрсетсе жеткілікті", - деп түсіндірді Қожағапанов.
Сонымен қатар қала әкімінің орынбасары қала сыртына саяжайға шыққан азаматтарға карантин біткенше сол жақта болуға кеңес берді.
Айта кетейік, саяжайлардың қандай мақсатқа пайдаланылып жатқаны тексеріледі.