Қоғам

Қазақстанда 47 мыңнан астам адам коронавирус жұқтырғандармен байланыста болған

Қазақстанда 2791 адамнан коронавирус табылды, 25 адам аурудан қайтыс болды. 696 адам індеттен жазылып шықты
Sputnik

АЛМАТЫ, 27 сәуір – Sputnik. Қазақстанда коронавирус инфекциясына байланысты жағдай біртіндеп тұрақталып келеді. Бұл жайында денсаулық сақтау министрлігінің тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау комитетінің төрағасы Тимур Сұлтанғазиев мәлімдеді, деп жазады Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Елімізде коронавирусты 2 791 адам жұқтырды, оның 1 957-сі вирус расталғандармен жақын байланыста болғандар. Жергілікті тұрғындардың үлесі – 17% немесе 473 адам. Басқа елден келгендер саны – 302 науқас", - деді ол.

Комитет төрағасының айтуынша, өткен аптада инфекция жұқтырғандар бойынша өсім 4,5 – 8% аралығында болған. 

"Наурыз айымен салыстырғанда өсім біртіндеп тұрақталып келеді деп айтуға болады. Кейбір аймақта бұл өсім өткен аптада 50%-ке жоғары болған. Оны да айта кету қажет. Жалпы елде 682 адам аурудан жазылып, үйіне қайтты", - деді ол.

Сұлтанғазиев коронавирус жұқтырғандармен байланыста болғандар немесе байланыста болуы мүмкін адамдарға мониторинг жүргізілген. Нәтижесінде қазірге дейін ауру табылған науқастармен 47 мыңнан аса адам байланыста болғаны анықталды.

"Жақын байланыста болған және байланыста болуы мүмкін адамдар саны 47 839-ға жетіп отыр. Бұл адамдардың 98, 5%-і анықталып, үй карантиніне жатқызылды", - деді Сұлтанғазиев.

Айта кетейік, 27 сәуірдегі ақпаратқа сәйкес, Қазақстанда 2791 адамнан коронавирус табылды, 25 адам аурудан қайтыс болды. 696 адам жазылды.