НҰР-СҰЛТАН, 27 сәуір – Sputnik. Павлодар облысының Екібастұз қаласында тұрғын үйлердің бірінің тұрғындары подъезде жөндеу жұмыстарын жүргізді. Кіреберіс таяуда карантинге жабылған.
Тұрғындардың "асарлатып" жатқаны туралы видео Instagram-дағы пабликтердің бірінде жарияланды.
"Әуезов көшесі, 38 үйдегі карантинге жабылған кіреберістің тұрғындары уақытты бекерге өткізбей, өз кіреберістерін аздап жаңартуға шешім қабылдады", - делінген жазбада.
Әлеуметтік желіні қолданушылардың бір бөлігі Екібастұз тұрғындарын қолдады.
"Десе де, карантинді пайдаға жаратыпты, көршілер бір үйдің баласындай жұмыла іске кірісіп, подъезді жаңартып, жарықтандырған. Өте керемет", - деп жазды олар.
Енді біреулер тұрғындардың бұл әрекетіне наразылық білдірді. Олар карантинде толық оқшаулану керек екенін, ал жөндеу кезінде адамдар бір-бірімен тығыз байланыста болатынын атап өтті.
Оқи отырыңыз: Алматыда карантинге жабылған үйде тұрып жатқан бойжеткен сұхбат берді
Еске сала кетейік, Павлодар облысында соңғы мәлімет бойынша, 95 адам коронавирус жұқтырған. Өңірде карантиндік шаралар қолға алынды.