НҰР-СҰЛТАН, 26 сәуір – Sputnik. Шығыс Қазақстан облысында полицейлер бірнеше қару-жарақ түрлерін заңсыз сақтаған азаматты ұстады, деп хабарлайды Polisia.kz.
"Риддер қаласының 63 жастағы тұрғыны қару-жарақ түрлерін заңсыз сақтағаны үшін ұсталды. Ер адамның гаражынан қос ауызды, 28 калибрлі тегіс ұңғылы мылтық пен пневматикалық винтовка, 12-өлшемді тегіс ұңғылы қару және оның оқ-дәрілері табылып, тәркіленді", – делінген баспасөз хабарламасында.
Құқық қорғау органы өкілдерінің сараптамадан өткізу нәтижесінде, түрлі үлгідегі қару-жарақтың барлығы атуға жарамды болып шыққан.
Шығыс Қазақстан облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Талғат Шаяхметовтың айтуынша, мұндай қару-жарақ түрлері қылмыс жасау мақсатында сақталуы мүмкін. Қазіргі кезде аталған оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Оқи отырыңыз: ҰҚК заңсыз қару-жарақ сатқан қылмыстық топты ұстады
Айта кетейік, төтенше жағдай кезінде аймақта іске асырылған жедел іс-шаралар нәтижесінде, құқық қорғау органдарының қызметкерлері Глубокое, Алтай, Бесқарағай ауданы мен Риддер қаласының тұрғындарынан 7 атыс қаруын, оның ішінде 3 мылтық пен 250-ден астам оқ-дәрілер тауып, тәркіледі.