Қоғам

Нұр-Сұлтан тұрғындарына саяжайға бару үшін арнайы рұқсат қағазы берілуі мүмкін

Бақтияр Мәкен қазір өтінім қабылданып жатқанын атап өтті. Жедел штаб әр азаматтың мәселесін жеке қарайды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 24 сәуір – Sputnik. Елорда тұрғындарына арнайы рұқсаттамамен саяжайға баруға рұқсат етілуі мүмкін. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Оқи отырыңыз: Екі жүз отыз үш мың астаналықтың 42 500 теңгеге өтініші мақұлданбаған 

Айтуынша, қаланың жедел штабына саяжай кентінің тұрғындарынан көп өтініш түседі.

"Олар саяжай учаскелеріне баруға рұқсат сұрайды. Қазір біз барлық өтінімді қабылдап жатырмыз. Жедел штаб әр азаматтың мәселесін жеке қарайды", - деді Мәкен онлайн брифингте.

Бұдан бөлек, әкімдікке ауылшаруашылығы тауарын өндірушілер де өтінішпен жүгінген. Оларға да рұқсат қағазы керек.

"Бұл жұмысты жүргізіп, барлық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге рұқсат бердік. Біз Ақмола облысымен де, Павлодар облысымен де шектесеміз, ол жақта көктемгі дала жұмыстары басталды. Азаматтар түрлі өсімдік сатылатын дүкендер ашуды ұсынуда. Олар көшеттерді өз саяжайларына отырғызғысы келеді", - дейді әкім орынбасары.

Айта кетсек, астанада 20 сәуірден кейбір кәсіпорындар жұмысқа кірісті.