Қоғам

Қазақстандық дәрігерлерге 3,3 млрд теңге үстемеақы төленді 

Жалпы коронавируспен күреске жұмылдырылған медицина қызметкерлеріне үстемеақы төлеу үшін 35 миллиард 700 миллион теңге бөлінген
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 23 сәуір – Sputnik. Эпидемияға қарсы шараларға тартылған 17 425 медицина қызметкеріне наурыз айы үшін 3 миллиард 371 миллион теңге үстемеақы төленді. Бұл туралы әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұлов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

Жалпы коронавируспен күреске жұмылдырылған медицина қызметкерлеріне үстемеақы төлеу үшін 35 миллиард 700 миллион теңге бөлінген. 

"Наурыз айы үшін 17 425 медицина қызметкеріне 3 миллиард 371 миллион теңге қарастырылды. Бүгінде бұл соманың барлығы төленді", - деді Жұмағұлов онлайн брифингте. 

Айтуынша, үстемеақы ең көп үшінші, яғни "қауіптілігі орташа" санаттағы дәрігерлерге берілген. Шамамен 9 мың медицина қызметкеріне 846 миллион теңге төленді. 

Ең көп сома "қауіптілігі жоғары" санаттағы дәрігерлерге бөлінді: 7 мыңдай қызметкерге 1,8 миллиард теңге аударылды. 

Ал бірінші, "қауіптілігі аса жоғары" санаттағы 1 400 дәрігерге 717 миллион теңге төленді. 

"Бұдан бөлек, алғашқы медициналық-санитарлық көмек немесе емхана қызметкерлері де ынталандырылды. Емханаларда істейтін 2,5 мың қызметкерге 185 миллион теңге аударылды.  Сондай-ақ, жедел жәрдем бригадалары, шамамен төрт мыңдай адамға 1,2 миллиард теңге аударылды", - деді ол.

Тағы оқыңыз: "Жылай бастаймын": елордалық дәрігер ауруханада не болып жатқанын айтып берді

Айта кетсек, республикада наурыз айындағы мәлімет бойынша барлығы 249 533 медицина қызметкері жұмыс істейді. Олардың 71 700 – дәрігерлер.