НҰР-СҰЛТАН, 23 сәуір – Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтандағы модульді жұқпалы аурулар ауруханасын аралау барысында төтенше жағдай мерзімі туралы сөз қозғады, деп хабарлайды Ақорда.
Тоқаев кешенді шаралар қабылдау керектігін атап өтті.
"Азаматтарымызға карантин режимін сақтаудың оңай емес екенін түсінемін. Бірақ бұдан басқа жол жоқ. Қалай болғанда да осы айдың аяғына дейін карантин режимін сақтаймыз. Арғы жағын тағы да қарастырамыз. Мүмкін, мәселені реттеудің жаңа әдістері табылар. Өйткені халық біртіндеп үйлерінен шығуы керек", – деді президент екі аптаның ішінде салынған модульді жұқпалы аурулар ауруханасын аралау барысында.
Мемлекет басшысы экономиканы қолдаудың маңыздылығы жайында да айтты.
Тағы оқыңыз: Мамырда карантин ұзартылуы мүмкін, бұл қауіпті кезең – денсаулық сақтау министрі
"Экономикалық даму, шағын және орта бизнес туралы да ойлану керек. Күнделікті еңбек етіп, тіршілігін жасап жатқан халық өз мүмкіндіктерінен айырылып қалмауы қажет. Бұл жөнінде келесі аптадағы телевизиялық үндеуімде егжей-тегжейлі айтамын", – деді ол.
Айта кетсек, елімізде төтенше жағдай 16 наурызда жарияланды. 19 сәуірден астана мен Алматы карантинге жабылды.
Жуырда президент өз жарлығымен төтенше жағдай режимінің мерзімін 1 мамыр 07.00-ге дейін ұзартты.