Қоғам

Алматыда коронавирустан көз жұмған әйел туралы ақпарат шықты

Бүгін таңғы сағат алты жарымда қан айналымы тоқтаған, дәрігерлер 30 минут бойы реанимациялық іс-шаралар жүргізді, бірақ өміріне араша түсе алмады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 23 сәуір – Sputnik. 56 жастағы әйелдің коронавирус жұқтырғаны 17 сәуірде анықталған. Науқас бүгін, 23 сәуір күні таңғы жетіде қайтыс болды, деп хабарлайды Алматы қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы.

"Коронавирус 17 сәуірде табылды. Бұдан бөлек, пациент созылмалы бүйрек ауруы, ренальді анемия, хрониодиализ, жүйелі қызыл жегі, қант диабеті, екі жақты полисегментарлы пневмония ауруларымен ауырған", - делінген хабарламада.

22 сәуірде әйел инвазивті жасанды тыныс алдырту аппаратына ауыстырылды. Сондай-ақ, гемодиализдің бағдарламалық сеансын алды.

"Бүгін жүргізілген емге қарамастан, полиорган жетіспеушілігі өршіп, сағат 06:30-да қан айналымы тоқтады. 30 минут бойы өткізілген реанимациялық іс-шаралар нәтиже бермеді. Сағат 07:00-де биологиялық өлім тіркелді", - деп мәлімдеді басқармадан.

Айта кетсек, республикада індеттен барлығы 20 адам көз жұмды, соның ішінде алтауы – Алматы қаласында.