НҰР-СҰЛТАН, 22 сәуір – Sputnik. Қазақстанның бас мемлекеттік санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова коронавируспен ауырып шыққандардың иммундық плазмасын қолдану туралы арнайы бұйрық әзірленгенін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Осы уақытқа дейін иммундық плазма әлі ешкімге құйылған жоқ. Дегенмен 15 сәуірде коронавирусты емдеудің клиникалық хаттамасына өзгеріс енгізілді. Онда иммундық плазманы қолдану жайында жазылған", - деді Есмағамбетова бүгінгі онлайн брифингте.
Бас санитардың айтуынша, қазіргі кезде иммундық плазманы қолдану туралы арнайы бұйрық әзірленген.
"Қазіргі кезде осы құжат денсаулық сақтау министрлігінде сараптамадан өтіп жатыр. Сондай-ақ, коронавирус инфекциясын жұқтырғандарды емдеу үшін иммундық плазманы алуға кететін шығындар есептелуде", - деп атап өтті Есмағамбетова.
Оқи отырыңыз: Біртановтың 3 500 адам вирус жұқтырады деген болжамы дұрыс болмай шықты
Айта кетейік, республика бойынша коронавирус жұқтырғандардың саны 2070 адамға жетті. 505 науқас жазылып шықса, 19 адам қайтыс болды.