Қоғам

Қазақстанда студенттер диплом жұмыстарын қалай қорғайды?

Білім және ғылым министрлігі емтихан мен диплом жұмыстарын қорғауды онлайн режимге ауыстыруды ұсынды
Sputnik

АЛМАТЫ, 21 сәуір –Sputnik. Қазақстанда жоғары оқу орындарының студенттері қорытынды емтихан мен диплом жұмыстарын қашықтан тапсыра алады. Бұл жайында білім және ғылым вице-министрі Мирас Дәуленов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Оның айтуынша, карантин мамырға дейін ұзартылса, бірінші, екінші және үшінші курс студенттері емтиханды қашықтан тапсырады.

"Қалада тұратын студенттер емтиханды қашықтан тапсыруы керек. Ал Қазақстанның шалғай өңірінде тұратын интернетке қосылуға мүмкіндігі жоқ студенттерге келер болсақ, ондай жағдайда студенттің өтініші бойынша емтихан кейінге қалдырылады", - деді вице-министр.

Әрбір жоғарғы оқу орны кешенді емтиханды студенттердің техникалық мүмкіндіктерін ескере отырып, өзіне ыңғайлы форматта өткізе алады.

"Қас қарайғанша тауда отырамын": қашықтан оқып жүрген студенттің әңгімесі

Вице-министрдің айтуынша, студенттер ең бастысы жоғары оқу орнында алған төрт жылдық білімнің нәтижесін көрсетуі керек.

Сонымен қатар емтиханды жазға ауыстыру мәселесі де көтерілді. Яғни, қорытынды аттестация 2020 жылдың маусым-шілдесінде өтуі мүмкін.

Диплом жұмысы қалай қорғалады

Студенттердің диплом жұмысын қорғау процесін қашықтан өткізу жоспарланып отыр. Мұндай жағдайда түлектердің жұмысы плагиатқа тексеріледі.

"Диплом жұмысы қорғалуы керек. Қашықтан оқыту режимі 16 наурызда енгізілді, алайда диплом жұмысы сол уақытқа дейін жазылды. Наурыз, сәуірде олар алдын ала қорғаудан өтті",- деп түсіндірді Мирас Дәуленов.

Диплом жұмысын қорғау үшін студенттер антиплагиат жүйесіне өз жұмыстарын жүктейді, одан кейін оқытушылар мен мемлекеттік комиссияның мүшелері тексеру жұмыстарына кіріседі.

"Егер студенттің онлайн режимде диплом қорғауға мүмкіндігі болмаса, диплом жұмысы бойынша сұрақтар жазбаша түрде және кез келген байланыс арнасы арқылы қойылуы мүмкін. Бұл бір нұсқа, алайда диплом жұмысы қорғалады. Ол білім берудің интегралды бөлігі және төрт жылдағы білім беру нәтижелерін жинақтайды", - деп атап өтті білім және ғылым министрінің орынбасары.

Айта кетейік, 16 наурыздан бастап республикада 116 жоғары оқу орнында оқитын 604 мың студент коронавирус пандемиясының салдарынан қашықтан білім алуға көшті.