Қоғам

Рамазан айында әрбір 15 минут сайын онлайн режимде дұға оқылады

Рамазан айының бірінші күнінен бастап имамдар muslim.kz Instagram парақшасы арқылы әрбір он бес минут дұға оқитын болады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 21 сәуір – Sputnik. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы онлайн режимде құран бағыштау тәртібін түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Оның айтуынша, Рамазан айының бірінші күнінен бастап имамдар muslim.kz инстаграм парақшасы арқылы әрбір он бес минут сайын дұға оқып, құран бағыштайтын болады. 

"Бұрын халқымыз мешітке келіп, садақа беріп, құран оқытып, бата алатын. Өкінішке қарай, биыл олай жасай алмай отырмыз. Сондықтан біз Әзірет Сұлтан мешітінен онлайн режимде әрбір 15 минут сайын құран оқып, бата жасайтын боламыз. Қайтыс болған кісілерге құран оқимыз. Пітір садақа берген кісілердің пітірі қабыл болсын деп, имамдарымыз дұға жасайтын болады", - деді Тағанұлы бүгінгі онлайн брифингте.

Бас мүфти барша қазақстандықтарға онлайн режимге қосылып, қол жаюға шақырды. 

"Жаратқан иеміз Ораза айтты мешіттерімізде жамағатпен оқуды жазғай. Барлығымыз күнде Аллаға жалбарынып, төтенше жағдай тезірек аяқталып, жақсы күндерде қауышуды нәсіп етсін деп тілек тілейік", - деп атап көрсетті Тағанұлы.