Оқиға

Павлодарда ер адамның өліміне қатысты ақпарат берілді

Қайғылы жағдай бүгін "Спорт-сити" спорт қалашығының аймағында болған. Оқиға орнына мемлекеттік еңбек инспекторы барды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 20 сәуір – Sputnik. Павлодар қаласында салынып жатқан "Спорт-сити" қалашығында құрылысшы қайтыс болды, деп хабарлады облыстық еңбек басқармасы.

Ресми мәліметке сәйкес, қайғылы оқиға бүгін "Спорт-сити" спорт қалашығының аймағында болған. "Стальмонтаж" фирмасының 41 жастағы дәнекерлеушісі 10 метрлік биіктіктен құлап, көз жұмды. Оқиға орнына мемлекеттік еңбек инспекторы барды.

"Қазіргі кезде қайғылы оқиғаны арнайы тергеу туралы бұйрық әзірленіп жатыр. Оқиғаның мән-жайы анықталып, халыққа жеткізілетін болады", - делінген ресми хабарламада.

Айта кетейік, спорт қалашығының құрылысы жайында осыдан үш жыл бұрын айтылған болатын. Жобаға бірнеше спорт кешені кіреді. Соның ішінде мұз айдыны, жеңіл атлетикаға арналған манеж, Олимпиада резервін даярлау орталығы және жабық футбол манежі.

Құрылыстың жалпы құны – 12 миллиард теңге. Қалашық "Құлагер" ипподромы жанында салынып жатыр. Өткен жылы қазан айында ашық футбол алаңы пайдалануға тапсырылған болатын.