НҰР-СҰЛТАН, 19 сәуір – Sputnik. Алматы облысында ауыл тұрғындары дәрігерлік амбулаторияның есік-терезелерін бұзып, мекемені коронавирус жұқтырғандармен байланыста болған адамдарды оқшаулау үшін пайдалануға қарсы екенін білдірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан облыстық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оқиға 19 сәуірде сағат 00.15-те Қарасай ауданы Елтай ауылдық округіне қарасты Береке ауылында болған.
Жергілікті тұрғындар ауылдағы дәрігерлік амбулаторияның алдына жиналған. Олар ауылдағы медициналық мекеменің коронавируспен ауырған адамдармен қарым-қатынаста болғандар оқшауланатын обсервациялық стационар ретінде пайдаланылуына наразы екенін білдірген.
Баспасөз қызметінен хабарлағандай, амбулаторияның ішінде ешкім болмаған, бос тұрған.
"Тұрғындар арасынан бұзақылар шығып, ғимаратқа материалдық шығын келтірді. Есік-терезелерін бұзып, 30 төсек пен матрацты сыртқа лақтырған. Жиналғандардың ішінде жекелеген адамдар мас болған", - деді әкімдіктен.
Қарасай ауданының әкімі Жандарбек Далабаев жиналған тұрғындармен сөйлесуге келіп, түсіндіруге тырысқанымен ауыл тұрғындары әкімнің сөзіне қанағаттанбай, обсервациялық стационарды жабуды талап еткен.
Бұдан кейін мас азаматтар Қарасай аудандық полиция бөліміне жеткізілді.
Осы оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің 202-бабы 1-бөлігіне сәйкес, яғни бөгденің мүлкіне қасақана зиян келтіру әрекеті бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Тағы оқыңыз: Алматының вокзалдары мен әуежайындағы жағдай жұртты дүрліктірді
"Төтенше жағдай кезінде заңсыз әрекеттер ұйымдастырып, бұзақылыққа жол бергені үшін кінәлілер қатаң жазаланады",- деп ескертті әкімдіктен.
Алматы облысының әкімдігі тұрғындарды жалған ақпаратқа сенбеуге, тек ресми мәліметке ден қоюға шақырады.
Күмәнді ақпарат көздерінен жалған ақпарат таратқандар, осы тектес әрекеттерге жол бергендер заңға сәйкес жауапқа тартылады.