Қоғам

Тоқаев карантин кезінде қандай кітаптар оқып жатқанын айтты

Қазақстан президенті карантин кезінде уақытты барынша тиімді пайдалануға кеңес беріп, кітаптардың тізімін бөлісті
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 18 сәуір – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік желіде "Қандай кітап оқып жатырсыз?" челлендж-эстафетасын қабылдап, қазір оқып жатқан кітаптардың тізімін ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Қазіргідей елең-алаң уақытта баршаңыздың күнделікті тіршіліктеріңіз өзгеріске ұшырағаны белгілі. Пандемиядан қорғанудың бірден-бір жолы – әлеуметтік оқшаулану, яғни үйде болу екенін жаһан жұртшылығы мойындап отыр. Әрине, бұл – уақытша құбылыс, өтпелі кезең. Дегенмен, осы уақытты барынша тиімді пайдалану – әрбір адамның өз қолында", - деп жазды Тоқаев Instagram парақшасында.

Мемлекет басшысы алтын уақытты пайдалы істерге жұмсаған жөн деп санайды.

"Шын мәнінде, кітап оқу – рухани кемелденудің көзі десем артық емес. Қазіргі уақыт – секунд сайын жаңарған ақпарат заманы. Жалған деректің, шындыққа жанаспайтын қауесеттердің де тез тарап жатқанын көріп отырмыз. Сондықтан, мұндай жағдайға мейлінше жол бермеу үшін алтын уақытымызды осындай пайдалы істерге жұмсағанымыз жөн", - деді ол.

Президенттің карантин кезінде оқып жатқан кітаптары мен газет-журналдарының тізімі:

  • Жүсіп Баласағұн. Құтты билік.
  • Абай Құнанбаев. Хикмет кітәбі. Книга мудрости. Book of wisdom.
  • Winston Churchill. The Second World War. Volume III. The Grand Alliance.
  • Тұрсын Жұртбай. Құнанбай.
  • Ерлан Сыдыков. Кунанбай.
  • Адам Туз. Крах. Как десятилетие финансовых кризисов изменило мир.
  • Алек Росс. Индустрии будущего. The Industries of the future.
  • Кевин Келли. Неизбежно. 12 технологических трендов, которые определяют наше будущее.
  • Parag Khanna. The Future is Asian.
  • "Қазақ әдебиеті", "Ана тілі", "Turkistan"және т.б. газеттер, "Жұлдыз" журналы.

Тоқаев эстафетаны барша отандасқа, әсіресе, жастарға жолдайтынын айтып, осы әдебиеттерді оқуға кеңес берді.