Экономика

Премьер-министр азық-түлік бағасының өсуіне жол бермеуді тапсырды  

Қазақстанда 9 аса әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарының шекті бағасы бекітілді. Дегенмен бірқатар өңірде кәсіпкерлер бағаны өсіріп жіберген
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 17 сәуір – Sputnik. Үкімет басшысы Асқар Мамин әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдеріне шекті бағаның өсуіне жол бермеуді тапсырды, деп жазды премьер-министрдің ресми сайты.

Мамин төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында бірқатар өңірде азық-түлік өнімдерінің шекті бағасы өскенін айтты.

"Біз 9 аса әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарының шекті бағасын бекіттік. Бағаны ұстап тұрудың тиісті тетігі бар. Дегенмен, бірқатар өңірде кейбір азық-түлік өнімдерінің шекті бағасы өскені байқалып отыр. Әкімдіктерге мұндай фактілерге жол бермеуді және осы мәселені жеке бақылауға алуды тапсырамын", — деді ол.

Премьер-министр өңірлік тұрақтандыру қорларында азық-түліктің қажетті қорын қамтамасыз етуді тапсырды.

Бұған қоса төтенше жағдай кезінде ірі индустриялық жобаларды жүзеге асыру және тағы басқа мәселелер қаралды.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда азық-түліктің шекті бағасы белгіленді

Отырыста Қазақстанда түрлі азық-түлік тауарларының жеткілікті қоры бар екені айтылды.     

Үкімет басшысы ауыл шаруашылығы министрлігіне өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп, азық-түлік қорына, оның өңіраралық тасымалына күн сайын мониторинг жүргізуді тапсырды.