Қоғам

"Болашақ" бағдарламасына үміткерлерді іріктеу тәртібі өзгереді

Өзгерістердің, ең алдымен "Болашақ" стипендиясын тағайындаудың ашықтығын арттыруға бағытталғаны айтылып отыр
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 17 сәуір – Sputnik. "Болашақ" стипендиясына үміткерлерді іріктеу өзгереді, бағдарлама модернизацияланды, деп хабарлайды "Халықаралық бағдарламалар орталығы".

"Білім және ғылым министрлігінің нормативтік-құқықтық актілеріне бірқатар өзгерістер енгізілді. Олар ең алдымен ашықтықты арттыруға, барлық үміткерлер үшін тең мүмкіндік жасауға, іріктеудің объективтілігін күшейтуге, сондай-ақ бюрократиялық кедергілер мен бұрынғы мәселелерді шешуге бағытталған", -деп жазылған хабарламада. 

Үміткерлерді іріктеу тәртібі өзгертіледі

Стипендия алуға болатын басым мамандықтар тізімі енеді. Оны құрастыру кезінде нарық қажеттігінің орта мерзімді болжамы ескерілген. қалыптастырылады. 

Сондай-ақ, халықаралық стипендияға үміткерлерге арналған квоталық санаттар қысқартылды. Стипендияға үміткерлердің барлығына мүмкіндік бірдей. Үміткерлердің барлық жеңілдік квота санаттары алынып тасталады. Барлық үміткерлер шетелдік жоғары оқу орындарына өздері
түсуі тиіс.

Бұған қоса, ауылдық жерден шыққан үміткерлерді қоспағанда, бұрын ұсынылған алдын ала тілдік
дайындық курстары алып тасталды. Іріктеу турлары шеңберінде тілдерді білу деңгейін тексеру алып тасталған. Үміткерлер өздері тест тапсырып, құжаттарды тапсыру кезінде мемлекеттік
(KazTEST В1) және шет тілінен (кемінде IELTS 6.5) сертификат ұсынуы керек.

Халықаралық стипендия тағайындауға арналған барлық үміткерлер үшін конкурстық іріктеу турларының саны қысқарады.  Конкурстық іріктеу кезіндегі 6 турдың орнына барлығы 3 тур
болады.

"Үздіктердің үздігі ғана стипендия алады"

Тәуелсіз сараптамалық комиссияның жұмысына және оның құрамына енетін азаматтарға
қойылатын талап күшейтіледі. Енді комиссия құрамындағы үш адамның орнына кемінде бес адам шешім қабылдайды. Үміткерлерді іріктеудің бүкіл процесі және барлық комиссия отырыстары онлайн
таратылады. 

Электрондық үкіметтің веб-порталында үміткердің жеке кабинеті арқылы құжаттарын қабылдау процесі толықтай автоматтандырылды.  

"Біз енгізіп жатқан өзгерістер, ең алдымен "Болашақ" стипендиясын тағайындаудың ашықтығын арттыруға бағытталған. Біз осы күнге дейін болған барлық ықтимал сыбайлас жемқорлық
тәуекелдерін жойдық. Еліміздегі тек үздіктердің үздігі ғана халықаралық президенттік стипендия бойынша білім алса екен дейміз", - деп хабарлады "Халықаралық бағдарламалар орталығының" президенті Айнұр Кәрібозова.

Жаңа қағидалар "Халықаралық бағдарламалар орталығының" ресми сайтында жарияланады.  

Айта кетсек, бағдарлама аясында 26 жылы ішінде 10738 маман даярланды. Бағдарлама түлектері мен стипендиаттары арасында көбірек сұранысқа ие ақпараттық технологиялар мен жүйелер, есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету, журналистика және коммуникациялық
менеджмент, қоғаммен байланыс және жарнама, сәулет және құрылыс, жобаларды басқару, педагогика, құқық және мұнай-газ ісі мамандықтарын
атауға болады.